Тоқаев: Қазақстанда көшпелі халықтарды "мемлекет деңгейіне жете алмаған" деп төмендететін догмаларды қайта қарау басталды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты симпозиумда сөз сөйлеп тұр. Астана, 19 мамыр, 2026 жыл.

Көшпелі халықтарды "мемлекет деңгейіне жете алмаған" деп "кемсітетін догмаларды қайта қарау басталды", ал Алтын орда дәуірін Қазақстан "ауқымды өркениет парадигмасы тұрғысынан қарастырады". Астанада өткен Алтын орда тарихына арналған халықаралық симпозиумда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді.

"Тарихты жеңімпаздар жазады" деген қағидаттың ғылымға қарсы сипатын ұмытпаған жөн. Яғни жеңімпаздарды жазғыруға болмайды, әлем тарихының төрінен орын алып, зерттеушілердің мақтау-мадағына ие болады. Ал шағын және орта мемлекеттер, соның ішінде майданда жеңіліс тапқан елдер тарихтың тасасында қалады. Қазақстанда саясаттың пайдасы үшін көшпелі халықтарды жабайы, бей-берекет, тарих шеңберінен тыс күш ретінде көрсетіп, қуатты дала империяларын "мемлекет деңгейіне жете алмаған" деп төмендететін ескі догмалар мен қасаң көзқарастарды қайта қарау үдерісі басталып кетті", – деді Тоқаев отандық және шетелдік ғалымдар қатысқан жиында.

Ақорданың хабарлауынша, "Алтын орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік" атты симпозиумға тарихшылар, археологтар, шығыстанушылар, түркітанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр.

Тоқаев тарихшыларды Алтын орда тарихына "шексіз шайқастар мен ұрыстар" жылнамасы емес, "ауқымды өркениет парадигмасы тұрғысынан" қарастыруға шақырды. Алтын орда дәуіріне дейін, сол кезеңде және одан кейін өмір сүрген әйгілі ойшылдардың ғылыми, философиялық, әдеби мұраларын зерделеп, дала өркениетін өзара сабақтастыра зерделеу қажет деді Қазақстан президенті.

Тоқаев Алтын орда дәуірінің интеллектуалдық мұрасын, сол кезеңдегі мемлекет басқару жүйесін, экономикалық құрылымы мен іс жүргізу тәсілдерін зерделеуге шақырды.

Бұған қоса ол "мыңдаған жылға созылатын тарихы бар Ұлы дала сабақтастығын сақтау қастерлі парыз екені Қазақстанның жаңа Конституциясында нақты көрсетілді" деді.

Алтын орда – 13-15 ғасырларда қазіргі Қазақстанды, Ресей мен Украинаның біраз бөлігін, Шығыс Еуропаны, Солтүстік Кавказды және Батыс Сібірді жайлаған мемлекет.