Тоқаев: Қазақстандағы президенттік басқару үлгісі Алтын Орда кезінде құрылған саяси жүйеден бастау алады

Мемлекеттік рәміз күніне арналған жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеп тұр. Астана, 4 маусым 2026 жыл.

Қазақстанда берік орныққан президенттік басқару үлгісі Алтын Орда кезінде құрылған саяси жүйеден бастау алады. Мемлекеттік рәміздер күніне арналған жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді.

"Алтын Орда өзінің басқару институттары, дипломатиялық қызметі, байланыс және кеден жүйесі, әлемде мойындалған валютасы, озық инновациялары бар орта ғасырдағы алып ел болды. Қазір Қазақстанда берік орныққан президенттік басқару үлгісі Алтын Орда кезінде құрылған саяси жүйеден бастау алады", деді Тоқаев.

Оның сөзінше, "Алтын Орданың жетістігі Еуразиядағы көптеген халықтың ортақ игілігі саналады".

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан өзгелердің "таптаурын болған тәжірибелері мен идеяларын" үлгі етпеуі керек және "өнбейтін дау-дамайдан бойын аулақ салуға тиіс".

Ол жақын арада Қазақстан тарихының жеті томдық академиялық еңбегі жарыққа шығатынын, бір томы түгелдей Алтын Ордаға арналатынын айтты.

Қазақстан билігі кейінгі кезде Алтын Орда мұрасы тақырыбын жиі қозғап жүр. Жақында Астанада ЮНЕСКО-ның қолдауымен Алтын Орда мұрасын зерттеуге арналған халықаралық симпозиум өтті. Оның ашылуында сөйлеген сөзінде президент Тоқаев "Мәңгілік Елді" басты мұратына айналдырған Қазақстан Алтын Орданың тікелей мұрагері деп мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тоқаев: Қазақстанда көшпелі халықтарды "мемлекет деңгейіне жете алмаған" деп төмендететін догмаларды қайта қарау басталды

Алтын Орда – XIII-XV ғасырлар аралығында қазіргі Қазақстан аумағын, сондай-ақ Ресей мен Украинаның, Шығыс Еуропаның, Солтүстік Кавказ бен Батыс Сібірдің біраз бөлігін қамтитын ұлан-байтақ жерде дәурен сүрген мемлекет.

Астанада Ұлы Дала өркениетінің жетістіктеріне арналған ғимарат салу жоспарланып отыр.

1 шілде күні күшіне енгелі отырған Қазақстанның жаңа Конституциясында қазақ халқының өткені мен Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының ажырамас байланысы бары атап жазылған.

Қазақстан – президент басқаратын унитарлық мемлекет. Сарапшылар биыл жаңа Конституция қабылдаған елде суперпрезиденттік билік моделі пайда болуы мүмкін деп есептейді. Саясаттанушылар жаңа негізгі заң бойынша президенттің өкілеттігі күшейгенін айтып жүр. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері ондай тұжырыммен келіспейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақстандағы "суперпрезидент моделі" және Конституция жобасы: алда не күтіп тұр?