Тоқаев ЕАЭО қызметіне жасанды интеллект технологиясын енгізе бастауды ұсынды

Жоғары Еуразия экономика кеңесі отырысына қатысушылар. Ресей, Санкт-Петербург, 21 желтоқсан, 2025 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологиясын ЕАЭО қызметіне енгізе бастауды ұсынды. Ол мұны 21 желтоқсанда Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразия экономика кеңесінің (ЖЕЭК) кезекті отырысында айтқан. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

"Мұндай жүйелерді сауда ағынын жоспарлауға және кедендік баж салығының ықпалын бағалауға қазірдің өзінде пайдалануға болады", – деген Тоқаев.

Санкт-Петербургтегі жиынға Тоқаевпен бірге Ресей президенті Владимир Путин, Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенко, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, сонымен бірге Индонезия, Иран мен Куба елдерінің өкілдері қатысты.

Қазақстан президентінің сөзінше, биыл Еуразия экономика одағына мүше мемлекеттердің жиынтық ішкі жалпы өнімі 2 пайызға ұлғаймақ.

"Алдағы екі жылда ІЖӨ өсімі тұрақты болады деп болжанып отыр. ЕАЭО құрылғалы бері ұйым елдерінің бір-біріне салған тікелей инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асты. Қазақстанға келген инвестиция жеті еседей өсті (2015 жылы 600 миллион доллар, 2024 жылы – 4 миллиард доллар). Өнеркәсіп өнімі 29 пайыз артып, 1,5 триллион долларды құрады", – деген ол.

Қазақстан шетелдік серіктестермен бірге (Ресейде, Қытайда, Әзербайжанда және басқа да елдерде) халықаралық мультимодальды логистика орталықтары мен терминалдар желісін дамытуды қолға алғанын атап өткен Тоқаев сауда-саттықты жандандырып, жүк тасымалы шығынын азайту үшін ұйымға мүше өзге мемлекеттерді де осы іске атсалысуға шақырды.

Ол Каспий теңізіндегі негізгі порттарда орналасқан қазіргі заманғы контейнер хабтары ұдайы ұлғайып келе жатқан жүк тасымалына қызмет көрсете алатынын айтып, осы орайда ұйымға мүше елдердің транзит әлеуетін нығайтуға серпін беретін Кеме қатынасы туралы келісімнің күшіне енуін жеделдетуге үндеген.

Тоқаев әлемде сұранысқа ие, қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағдарланған жаңа өндіріс орындарын дамытуға баса мән беру керегін айтады.

"Еуразия даму банкі сарапшыларының есебінше, ЕАЭО елдерінің өнеркәсіп тауарларын шығару және экспорттау бойынша қосымша мүмкіндігі 67 миллиард долларға бағаланады. Осы әлеуетімізді толық пайдалансақ, түпкі нәтижесі 500 миллиард долларға жетуі ықтимал", – деген Тоқаев ол мақсатқа жету үшін өнеркәсіп кооперациясын күшейту және инновациялық жобаларға инвестиция құю қажетін айтқан.

Сонымен бірге ол "азаматтардың еркін қозғалуына мүмкіндік бермейтін қолдан жасалған шектеулерді алып тастап, шекарадағы жүк көліктерінің ұзын сонар кезегін жою қажет" деген.

Жоғары Еуразия экономика кеңесінің келесі отырысы 2026 жылғы 28-29 мамырда Астанада өтеді.