Тоқаев Сеулде Пан Ги Мунмен кездесті

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун. Сеул, 14 қыркүйек, 2026 жыл. Ақорданың баспасөз қызметі жариялаған фото

Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапармен барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулде БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы, Жаһандық жасыл даму институтының (GGGI) төрағасы Пан Ги Мунмен кездесті.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тоқаев пен Пан Ги Мун әңгіме барысында өзге жайттармен қатар БҰҰ-ны реформалау және оны қазіргі заман талабына бейімдеу туралы пікір алмасқан.

Тоқаев осы айдың екінші жартысында БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы жұмысына қатыспақ. Әлем елдерінің лидерлері мен үкімет жетекшілері жиналатын алқалы жиында жахандық маңызы бар мәселелерді талқылаумен бірге БҰҰ-ның жаңа Бас хатшысын сайлау да жоспарланған.

  • БҰҰ-ның қазіргі бас хатшысы Антониу Гутерриш бұл лауазымға алғаш рет 2017 жылы сайланып, 2021 жылы екінші бесжылдық мерзімге қайта бекітілген, ол мерзім биыл 31 желтоқсанда аяқталады. БҰҰ жарғысы бойынша, бір адам Бас хатшы қызметін екі мерзімнен артық атқара алмайды.
  • Қалыптасқан тәртіпке сәйкес, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынысымен Бас Ассамблея жаңа басшыны бекітеді. Жаңадан сайланған Бас хатшы өз міндетіне 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ресми түрде кіріседі.