Тоқаев жаңа Конституцияны бекітіп, күзге дейін парламент сайлауы өтетінін айтты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдумде қабылданған жаңа Конституцияға қол қойды. Астана, 17 наурыз, 2026 жыл. Ақорданың баспасөз қызметі жариялаған фото.

17 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдумде қабылданған жаңа Конституцияға қол қойды. Ол күзге дейін жаңа парламент сайлау жоспарланып отырғанын, оған дейін бірқатар конституциялық заңдар қабылдау қажеттігін айтты.

Сейсенбі күні Ақордада өткен салтанатты жиында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің жаңа Конституциясына қол қойды. Содан бірер сағат бұрын Орталық референдум комиссиясы екі күн бұрын өткен жалпыұлттық дауыс берудің түпкілікті ресми қорытындысын жариялаған еді.

Салтанатты рәсім кезінде Тоқаев "2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" жарлыққа қол қойды.

Жаңа Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

️"Бұл – шын мәнінде Халық Конституциясы. Оның жобасы шамамен екі жыл бұрын пысықтала бастады. Кейін мұқият талқыланып, зерделеніп жазылды. Конституциямыз – табанды ұжымдық еңбектің нәтижесі. Біз бүгін бір ел болып ұлт жылнамасының жаңа межесіне өттік, түбегейлі өзгерістердің сапасы және мазмұны ерекше бірегей кезеңіне аяқ бастық", деді Тоқаев мемлекеттің басты заңына қол қойғаннан кейін сөйлеген сөзінде.

"Мен ел президенті және Конституция кепілі ретінде бас құжаттағы ережелердің мүлтіксіз орындалуы үшін бар күш-жігерімді саламын. Жаңа Конституциямызға сәйкес адал қызмет етуге серт беремін. Еліміз әрқашан өсіп-өркендей берсін! Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын!" деп аяқтады сөзін Тоқаев.

Отыз жылдан артық қолданыста болып келген 1995 жылғы Конституцияның түпнұсқасы архивке тапсырылмақ. Енді 15 наурыз – Қазақстан Республикасы Конституциясы күні ретінде мемлекеттік мейрам болып белгіленеді.

"САЙЛАУДЫ ЖАҢА СЕССИЯ АШЫЛҒАНҒА ДЕЙІН ӨТКІЗУ ЖОСПАРЫ БАР"

Конституцияны жүзеге асыру аясында елде жаңа конституциялық заңдар әзірлеу жоспарланып отыр. Президент бастамасымен парламент Мәжілісіне "Қазақстан Республикасының президенті туралы" және "Қазақстан халық кеңесі туралы" заң жобалары енгізіледі. Оған қоса үкімет мемлекет астанасының мәртебесі мен әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заң жобаларын ұсынады.

"Заң шығару үдерісі алдағы парламент сайлауымен қатар жүреді. Сайлауды жаңа сессияның ашылуына дейін өткізу жоспарланып отыр. Сол уақытқа дейін тиісті заңнамалық база әзірлеуді толықтай аяқтаған жөн. Елімізді құқықтық және саяси тұрғыдан түбегейлі жаңғырту жыл соңына дейін, тіпті, келесі жылы да жалғасуы мүмкін. Алдымызда қазіргі билік институттарын реформалап, жаңасын құру, сондай-ақ олардың құрылымы мен кадрлық құрамын өзгерту міндеті тұр", деді Тоқаев.

Салтанатты жиыннан кейін сөйлеген сөзінде Тоқаев "шын мәнінде халықтық" деп сипаттаған Конституцияны әзірлеу мен қабылдау жалпыұлттық бірліктің көрінісі болды деп мәлімдеді.

"Бұл құжаттың тарихи маңызын қазіргі буын да, болашақ ұрпақ та лайықты бағалайды. Бізге мемлекеттік тарихты шынайы жасаушылар болу миссиясы бұйырды. Бұл – зор жауапкершілікпен қатар, тағдыр сыйлаған сирек мүмкіндік. Сондықтан бәріміз тарихымыздағы үлкен бетбұрыс сәттің куәгері әрі қатысушысы болдық", деді президент.

Сонымен бірге ол жаңа конституциялық заңдарды қарау барысында тағы сегіз конституциялық заң мен 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге жүйелі өзгерістер енгізу қажет болатынын айтты.

Үкіметке 7 сәуірге дейін жаңа Конституцияны ілгерілету жоспарын бекіту тапсырылды.

ТОҚАЕВ КОНСТИТУЦИЯСЫ

Референдум жөніндегі орталық комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров сейсенбі күні таңертең жексенбіде өткен дауыс берудің түпкілікті қорытындысын жариялады. Ол атаған көрсеткіш содан бір күн өзі жария еткен алдын ала қорытынды сандарына ұқсас шықты.

Ресми мәлімет бойынша, ресми тіркелген сайлаушылардың 73,12% немесе 9 127 192 адам референдум бюллетенін алған. Жиынтығы 7 954 667 азамат (87,15%) жаңа Конституция жобасын қолдап, 898 099 адам (12,85%) қарсы болған.

146 558 бюллетень жарамсыз деп танылған, ал 127 868 бюллетень есепке алынбаған.

Қазақстанның заңы бойынша, дауыс беру құқығына ие азаматтардың жартысынан көбі қатысқан жағдайда референдум өтті деп саналады.

Тоқаев авторы өзі екенін айтып жүрген жаңа Конституция бойынша, президент өкілеттігі бұрынғыдан да кеңейіп, елде тек партиялық тізім бойынша сайланатын бір палаталы парламент – Құрылтай пайда болады, бір кездері қысқарып қалған вице-президент лауазымы қайта енгізіледі. Бұған қоса, заң қабылдау жөнінде бастама көтеру құқығына ие Халық кеңесі деген кеңесші орган құрылады. Оның құрамын президент тағайындайды. Мемлекетте неке институты "ер мен әйелдің одағы" деп заң жүзінде бекітілді.

Енді Бас прокурорды, Конституциялық сот пен Жоғарғы сот төрағаларын, Ұлттық банк төрағасын, Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысын парламенттің араласуынсыз президент жеке дара өзі тағайындайтын болады.

Президент Тоқаев бұл өзгерістер елді "суперпрезиденттік" басқару моделінен "ықпалды парламенті бар президенттік республикаға" көшуге бағытталған деп мәлімдеген.

Алайда іс жүзінде бұл Конституция президент билігінің одан сайын күшеюіне алып келеді дейді сарапшылар.

Биліктің Конституцияны жаңарту амал-тәсілін сынағандар оның асығыс жасалғанын, көпшілікпен талқы жеткіліксіз болғанын айтады және Негізгі заңның жаңа нұсқасында билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен теңгерім механизмі бұрынғыдан да нашарлап, президенттің қолына көп билік шоғырланғанына назар аударады.

Кейбір саяси талдаушылар Конституция жаңарғанымен, шешім қабылдайтын орталық бұрынғыдай президент болып қала беретінін айтады.

Ақпанның аяғында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ЕҚЫҰ ДИАҚБ) Қажеттілікті бағалау миссиясы (Needs Assessment Mission) Қазақстандағы референдумге дайындық барысын сынға алып, сайлаушылардың жан-жақты ақпарат алып, таңдау жасауына тым аз уақыт берілгеніне ерекше назар аударған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Досым Сәтпаев: үшінші Конституцияның өмірі онша ұзақ болмайды