Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық банктердің бірі 7 трлн теңгеден аса қаржыны шетелге заңсыз "жөнелткені" жайлы сөзінен кейін тексеріс басталды. Бұл жөнінде қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сүйенген ҚазТАГ жазды.
"Аталған мәселені қарастыру үшін бірқатар банктің трансшекаралық операцияларын бекітілген тәртіп бойынша қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан ұлттық банкі, қаржы мониторинг агенттігінің қатысуымен тексеру басталды" деп жазылған ведомствоның ҚазТАГ-қа берген жауабында.
Онда нақты қандай банктер екені айтылмайды.
28 қаңтарда күндіз Тоқаев қаржы мониторинг агенттігіндегі жиында "Жақында [Қаржы мониторинг агенттігінің] төрағасы [Жанат] Элиманов қазақстандық банктердің бірі арқылы былтыр көршілес елден басқа мемлекеттерге 7 триллион теңгеден астам қаржы "жөнелтілгені" туралы баяндады" деген еді.
"Менің ойымша, бұл - заңға, экономикаға, тіпті саясатқа қайшы келетін ерсі жағдай. Өкінішке қарай, мұндай алаяқтық қаржы схемаларына қатысты фактілер азаймай тұр. Осыған дейін айтқанымдай, бұл кесел әлеуметтік саланы да жайлады. Мемлекет қаржысын жымқырушылардың заңды белден басқан қомағай әрекеті еш ақылға сыймайды" деді Тоқаев.
Бірақ ізінше бұл мәлімдеме Ақорда және бірқатар сайттан алынғаны белгілі болды. Ақорда бұған түсініктеме бермеді. Азаттық бірнеше сайттың редакциясынан жауап алуға тырысқанмен тек Ulysmedia ғана жауап берді. "Ақпараттың бастапқы дереккөзі жарияланған мәліметті өшіргеніне байланысты материал да редакция тарапынан алынды" деді редакция өкілдері.
29 қаңтар таңертең президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің көмекшісі әрі баспасөз хатшысы Руслан Желдібайды қызметінен босатты. Оның орнына Айбек Смадияров президенттің баспасөз хатшысы әрі президенттің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Бұл оқиғалардың 28 қаңтар күнгі оқиғаға қатысы бар-жоғы белгісіз.
29 қаңтарда бірқатар банк Тоқаевтың мәлімдемесіне реакция білдіріп, өздерінің аталған схемаға қатысы жоғын айтқан.