28 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі банктердің бірі шетелдерге 7 триллион теңгеден (шамамен 14 млрд доллар) аса қаржыны заңсыз "жөнелткені" жайлы сөзі Ақорда сайтынан алынып қалды.
Бұған қоса, бірқатар қазақстандық сайт та Тоқаевтың осы сөзі айтылған видео мен мәтінді алып тастағаны байқалды.
Ақорда президенттің бұл сөзін неге алып тастағанын әзірге түсіндірмеді.
Азаттық бірнеше сайттың редакциясынан жауап алуға тырысқанмен тек Ulysmedia ғана жауап берді.
"Ақпараттың бастапқы дереккөзі жарияланған мәліметті өшіргеніне байланысты материал да редакция тарапынан алынды. Сонымен қатар бұл бір реттік жағдай екенін де атап өткізіміз келеді: редакция өз тәжірибесінде жарияланған материалдарды өшірмеу қағидатын ұстанады" деп жазылған редакция жіберген жауапта.
28 қаңтарда күндіз Тоқаев қаржы мониторинг агенттігіндегі жиында "Жақында [Қаржы мониторинг агенттігінің] төрағасы [Жанат] Элиманов қазақстандық банктердің бірі арқылы былтыр көршілес елден басқа мемлекеттерге 7 триллион теңгеден астам қаржы "жөнелтілгені" туралы баяндады" деген еді.
"Менің ойымша, бұл - заңға, экономикаға, тіпті саясатқа қайшы келетін ерсі жағдай. Өкінішке қарай, мұндай алаяқтық қаржы схемаларына қатысты фактілер азаймай тұр. Осыған дейін айтқанымдай, бұл кесел әлеуметтік саланы да жайлады. Мемлекет қаржысын жымқырушылардың заңды белден басқан қомағай әрекеті еш ақылға сыймайды" деді Тоқаев.
Тоқаев 7 трлн теңгені шетелге қай банк жібергенін, ақша қай елдерге шыққанын ашып айтпаған.
Ертесі, 29 қаңтар таңертең президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің көмекшісі әрі баспасөз хатшысы Руслан Желдібайды қызметінен босатты. Оның орнына Айбек Смадияров президенттің баспасөз хатшысы әрі президенттің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Бұл оқиғалардың 28 қаңтар күнгі оқиғаға қатысы бар-жоғы белгісіз.
Азаттық президенттің бұрынғы және қазіргі баспасөз хатшыларынан жауап алуға тырысқанмен, әзірге жауап бермеді.