Трамп: АҚШ Иранға қарсы тағы бір ірі шабуылды қолдауы мүмкін

АҚШ президенті Дональд Трамп

Егер Тегеран зымыран немесе ядролық бағдарламаларын қайта қалпына келтіруге кіріссе, АҚШ Иранға қарсы тағы бір ауқымды шабуылды қолдауы мүмкін. АҚШ президенті Дональд Трамп 29 желтоқсанда Флорида штатындағы Мар-а-Лаго резиденциясында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен келіссөз өткізгеннен кейін осылай деп мәлімдеді.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Трамп АҚШ биыл маусым айында Иранның Фордо, Натанз және Исфахандағы нысандарына жасаған жаппай әуе шабуылынан кейін Тегеран қару-жарақ бағдарламаларын қалпына келтірумен айналысып жатқан болуы мүмкін деп топшылайды.

"Олар қару-жарақ пен басқа да ресурстарды көбейтіп жатқаны жайлы оқыдым. Егер бұл рас болса, онда олар біз жойған нысандарды емес, бәлкім, басқаларын пайдаланып отырған болар", – деп Трамптың баспасөз мәслихатында айтқан сөзін келтірген агенттік. "Онда барып-қайтуға 37 сағат кетеді. Мен көп жанармай жұмсағым келмейді", – деген ол.

Маусым айында Израильмен 12 күндік соғыс жүргізген Иран жуырда осы айда екі рет зымыран жаттығуын өткізгенін мәлімдеді. Өткен аптада Нетаньяху Израиль Иранмен жанжалдасуға ұмтылмайтынын, бірақ түсіп жатқан хабарлардан біраз жайтты білетінін айтып, Тегеранның әрекеттері жайлы мәселені Трамппен келіссөзде көтеретінін айтқан еді.

Axios дерегінше, Израиль қорғаныс армиясы Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Эяль Замир бір аптадан астам уақыт бұрын АҚШ Орталық қолбасшылығы басшысы адмирал Брэд Купермен кездескенде Иранның зымыран кешендерінің орын ауыстыруы шабуылға дайындықтан хабар беруі мүмкін екенін айтып, одақтастар арасында қорғаныс іс-қимылдарын үйлестіруді күшейтуге шақырған. Басылымға пікір білдірген израильдік дереккөздердің бірі Иранның шабуыл жасау ықтималдығын "50 пайыздан төмен" деп бағалағанын "Настоящее Время" телеарнасы хабарлады.

Осының қарсаңында Дональд Трамп АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған палестиналық ХАМАС қозғалысы қаруын тапсырмаса, ауыр салдарға кезігетіні жөнінде ескерткен. Трамп Нетаньяхумен келіссөздің негізгі бөлігінде өзінің арағайындығымен биыл қазан айында Газа жөнінде жасалған нәзік бейбіт келісімді ілгерілету, сонымен бірге Иран жасауы ықтимал іс-әрекеттер және Ливанда орналасқан, Иранды қолдайтын "Хезболла" шиит тобына байланысты Израильдің қауіпсіздік мәселелері талқыланды деді. АҚШ пен Израиль "Хезболланы" террористік ұйым деп таныған.

Трамп Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату жөніндегі келісімнің екінші кезеңіне көшуді қалайтынын айтты. Бұл келісім Газа секторында екі жылға созылған соғыстан кейін жасалған. Соғыс 2023 жылғы қазан айында радикал исламшылдар Израильдің оңтүстігіне шабуыл жасағаннан кейін басталған еді. Келісімнің екінші кезеңі өзге шараларға қоса, Газа секторына халықаралық бітімгер күштерін орналастыруды көздейді.

• Израиль мен ХАМАС атысты тоқтату туралы келісімді өрескел бұзды деп бірін-бірі айыптап отыр және келісім аясындағы әлдеқайда күрделі қадамдарды қабылдауға жақындамаған сыңайлы деп жазады Reuters.