АҚШ президенті Дональд Трамп 19 мамыр күні Ақ үйдегі брифингте АҚШ Иранға қайтадан шабуыл жасауы мүмкін деп мәлімдеді. Бұған қоса ол жаңа шабуыл бастау туралы шешім қабылдай жаздап, бір сағат бұрын ғана оны кейінге қалдыруды ұйғарғанын айтқан.
Бір күн бұрын, дүйсенбіде Трамп Тегеранның жаңа бейбітшілік ұсынысына байланысты Иранға шабуылды қайта бастау жоспарын кейінге қалдырғанын мәлімдеген еді. "Бүгін шабуылды қайта бастау туралы шешім қабылдауыма бір сағат қалған еді", деді Трамп сейсенбі күні.
АҚШ президенті Иран басшылары мәмілеге келу жайлы өтініш айтып жатқанын, бірақ егер олармен келісімге келе алмаса, АҚШ алдағы күндері жаңа шабуыл бастайтынын мәлімдеді.
"Мен екі-үш күн жайлы айтып отырмын, мүмкін жұма, сенбі, жексенбі шығар, бәлкім келесі аптаның басында болар. Уақыт шектеулі деп отырмыз, өйткені біз оларға жаңа ядролық қаруға ие болуға мүмкіндік бере алмаймыз", деді Трамп тілшілерге.
Сейсенбі күні Иранның мемлекеттік баспасөзі Тегеранның кейінгі берген бейбіт ұсынысында Ливанды қоса алғанда, барлық майдандарда соғыс қимылдары тоқтатылсын, АҚШ әскерін Иранға жақын аймақтардан әкетсін және соғыстан келген залалды АҚШ пен Израиль өтесін деген талаптар барын хабарлаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Трамп Иранға қарсы жоспарлы шабуылды кейінге қалдырғанын мәлімдедіИран сыртқы істер министрінің орынбасары Қазем Гарибабади Тегеран өзіне қарсы салынған санкциялар алынсын, бұғатталған қаражат босатылсын және АҚШ Иран жағалауын құрсауға алуын доғарсын деген шарт қойып отырғанын айтқан. Гарибабадидің сөзін Иранның IRNA ақпарат агенттігі келтірді.
Иран басылымдарының хабарларында аталған шарттар Трамп өткен аптада "қоқыс" деп атаған Иранның бұрынғы ұсынысынан шамалы ғана өзгерек сияқты, деп жазды Reuters.
Әлемдегі экономикасы дамыған жеті елдің (G7) қаржы министрлері 19 мамырда Парижде, екі күнге жалғасқан келіссөздерден кейін, жаһандық экономика тап болған көптеген қиындықтарды айтып, Ормуз бұғазынан кемелердің қауіпсіз өтуін тезірек қалпына келтіруге шақырды.
- Дональд Трамп Иранға шабуылдарды қайта бастау мүмкін екенін бұған дейін де айтқан, сонымен бірге ол Тегеранмен қақтығысты тоқтату туралы келісімге жақын арада қол жетіп қалар деп үміт білдірген. Ондай келісім бүкіл әлем бойынша мұнай мен басқа да тауарларды жеткізудің басты бағыты саналатын Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қайта ашуға мүмкіндік береді.