АҚШ президенті Дональд Трамп 7 сәуірде Ақ үйде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды қабылдады. Ол президент қызметіне кіріскелі бері Нетаньяхумен Ақ үйде осымен екінші рет кездесті. Израиль премьер-министрі Трамп Ақ үйде қабылдаған алғашқы шетелдік саясаткер болды.
Нетаньяхумен кездескеннен кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген Трамп екі елдің басшылары "тамаша талқылау" өткізгенін айтты. Кездесуде Иран мәселесі мен халықаралық сауда жайлы сөз болған.
АҚШ Иранның ядролық бағдарламасы бойынша Тегеранмен "тікелей келіссөз" жүргізетін болады деді Трамп. Оның сөзінше, сенбі күні басталатын келіссөз жоғары деңгейде өтпекші.
Иран ядролық қаруға ие болмауы тиіс деп мәлімдеді Трамп. Ол Иранмен қатынаста күш қолдануға емес, "мәміле жасауға" басымдық беретінін айтты. Бұған дейін Иран үкіметі АҚШ-пен тікелей келіссөз жүргізуден бас тартатынын, бірақ араағайындар арқылы келіссөзге дайын екенін мәлімдеген еді. Трамп келіссөздің нақты мазмұны туралы ештеңе айтпады.