Трамп АҚШ-тың бас прокуроры Пэм Бондиді қызметінен босатты

Пэм Бонди

АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ-тың бас прокуроры Пэм Бондиді қызметінен босатты.

Трамп Truth Social желісінде бас прокурордың міндетін (әділет министрі) Бондидің орынбасары Тодд Бланш уақытша атқаратынын, ал Бонди мемлекеттік қызметтен кететінін айтты.

"Пэм Бонди — Американың үлкен патриоты, соңғы бір жылда бас прокурор қызметін адал атқарды. Пэм елдегі қылмысқа тегеурінді соққы беріп, тамаша жұмыс істеді. Соның нәтижесінде адам өлімі 1900 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түсті. Біз Пэмді жақсы көреміз және ол жеке сектордағы өте маңызды жаңа жұмысқа ауысады, бұл жөнінде алдағы уақытта хабарланады" деп жазды Трамп.

AFP-дің жазуынша, Трамптың жақтастары әділет министрлігі оны Пэм Бонди басқарған кезде Джеффри Эпштейннің материалдары жарияланған кездегі әрекетіне наразы.

Агенттіктің жазуынша, бұл іс Эпштейнмен ұзақ жыл дос болып келген Трамп үшін саяси мәселе күйінде қала бермек.

New York Times жазуынша, Трамп Бондиді баяғыдан бері қызметтен босатқысы келген. Газеттің дерегінше, Трамп оның орнына қоршаған ортаны қорғау басқармасының жетекшісі Ли Зелдинді тағайындауы мүмкін.

Наурыз айының басында Трамп ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэмді қызметінен босатқан, оның орнына Оклахома штатынан сайланған сенатор Маркуэйн Малли келді.

Бұл Трамптың Ақ үйдегі екінші мерзімі кезінде жасаған ең ірі кадрлық өзгерісі.

60 жастағы Пэм Бонди – кәсіби заңгер, Трамптың адал жақтастарының бірі. 2011 жылы ол Флорида штатының бас прокуроры болып тағайындалды. Бұл бұл қызметке келген алғашқы әйел атанып, 2019 жылға дейін атқарды.

2020 жылы Трамптың бірінші импичменті кезінде президентті қорғаған адвокаттар тобына кірген. Ол кезде Трампқа билік өкілетін асыра пайдаланды деген айып тағылды. Ол Украина билігін демократтар атынан сайлауға түскен өзінің қарсыласы Джо Байденге қарсы тергеу жүргізуге мәжбүрледі деген күдікке ілінді. Трамп процесте кінәсіз деп танылды.

2024 жылға дейін Бонди трампшыл "Америка бәрінен бұрын" саясат институтында (America First Policy Institute) заң бағытына жетекшілік етті.

Пэм Бонди 2025 жылы ақпанда бас прокурор қызметіне кіріскен.