Трамп АҚШ-тың НАТО құрамынан шығу мүмкіндігін Рюттемен талқыламақ

АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен кездесуде АҚШ-тың альянс құрамынан шығу мүмкіндігін талқыламақ.

"Президент бұл мәселені бұған дейін де көтерген. Меніңше, ол бұл тақырыпты бірнеше сағаттан кейін Рюттемен өтетін кездесуде тағы талқылайды. Бәлкім, бүгін түстен кейінгі осы кездесуден соң бұл туралы президенттің өз аузынан еститін боласыздар", деп мәлімдеді сәрсенбі күні Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Левитт.

Оның айтуынша, Трамп АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясын НАТО үшін сынақ болды және әскери одақ ол сынақтан өте алмады деп санайды.

Левитт сондай-ақ Иранның бастапқы 10 тармақтан тұратын жоспары "түбегейлі түрде салмақсыз әрі қабылдауға келмейтінін", сондықтан оны Трамп қабылдамай, "тура мағынасында қоқыс жәшігіне тастағанын" айтты. Оның сөзінше, содан кейін Тегеран шынайы жағдайды мойындап, келіссөзге негіз бола алатын анағұрлым ақылға қонымды жоспар жолдаған.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Иран АҚШ-қа байытылған уранын беруге келіскенін, президент бұл "қызыл сызықтан" ешқашан шегінбейтінін айтты.

Левитт "Ормуз бұғазы жабылды деген ақпарат та шындыққа сәйкес келмейді" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, АҚШ кеме қозғалысы жалғасып жатқанын растайтын хабар алған, ал кез келген шектеу "мүлде қабылдауға болмайтын" қадам ретінде қарастырылмақ.

Ол сондай-ақ Иранның бұғаз арқылы өту үшін төлем енгізу ықтималдығын да АҚШ шектеу ретінде бағалайтынын айтты.

Әлемдік мұнай тасымалының шамамен 20 пайызы және сұйылтылған табиғи газ тасымалының 30 пайызына дейін Ормуз бұғазы арқылы өтеді. Сондықтан ол әлемдегі ең маңызды энергетика күретамырларының бірі саналады.

Бұған дейін АҚШ Ормуз бұғазы ашық болған жағдайда Иранмен екі апталық бітімге дайын екені хабарланған еді. Тегеран да бұл талапты орындауға әзір екенін мәлімдеген. БАҚ дерегінше, Израильдің Ливанға шабуылдары туралы хабарлардан кейін Иран танкерлердің бұғаздан өтуіне уақытша тоқтау салғаны айтылған.

Reuters агенттігі Тегеран Пәкістанда 10 сәуірде өтеді деп жоспарланған келіссөздер қарсаңында Ормуз бұғазын ішінара ашу мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлаған.