Трамп елдегі ахуал туралы Конгреске жолдау жасады

Дональд Трамп сөйлеп тұр. 24 ақпан, 2026 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп 24 ақпанда кешке (Алматы уақытымен 25 ақпанда таңертең) Вашингтонда елдегі ахуал туралы Конгреске жолдау жасады. Бұл Конституцияда қарастырылған Конгрестің қос палатасы алдындағы АҚШ президентінің жыл сайынғы жолдауы. Онда президент елдегі ахуалды бағалап, өз әкімшілігі басымдық беретін бағыттар туралы айтады.

Жолдаудан Ақ үй трансляция жасады.

Трамп Тәуелсіздік декларациясына 250 жыл толған шақта Американың алтын дәуірі басталғанын айтып, өз сөзін содан бастады. Ол өз әкімшілігінің соңғы бір жылда қол жеткізген жетістіктерін санамалап өтті: "Мексикамен шекара жабылды, инфляция төмендеп келеді, Американы бәрі құрметтейді, елге есірткі бұрынғыдай еркін келмейді, адам өлтіру көрсеткіші азайған, жанармай арзандаған, ипотека бойынша пайыздық мөлшерлеме қысқарған, мұнай-газ өндірісі артып жатыр, биржа индекстері өсіп жатыр". Трамп АҚШ-ты әлемдегі «ең мықты» ел деп атады.

Трамп сыртқы саясатты да назардан тыс қалдырмады, Украинаны да айналып өтпеді.

Трамптың сөзінше, оның әкімшілігі әлемде 8 қарулы қақтығысқа нүкте қойған және қазір "Ресей мен Украина арасындағы қантөгісті тоқтатуға орасан зор күш салып жатыр".

Трамптың айтуынша, осы соғыста ай сайын 25 мың сарбаз өледі. Ол "2022 жылы өзі президент болғанда бұл соғыс болмайтын еді" деген жиі айтып жүрген сөзін қайталады. Ресей Украинаға 2022 жылы ақпанда басып кірген.

Трамп өз әкімшілігінің Газа секторында бейбітшілік орнатуға үлес қосқанын атап өтті. "Президент ретінде мүмкін болған жердің бәрінде бейбітшілік орнатамын" деді.

Трамп сарапшылар болжағандай, Иран мәселесіне де тоқталды. АҚШ Иранмен проблеманы дипломатиялық жолмен шешкісі келеді, бірақ Тегеран ядролық қарудан бас тартатынына кепілдік берген жоқ деді. Мен ешқашан әлемдегі ең ірі терроризмнің демеушілісіне ядролық қаруды иеленуіне жол бермеймін” деді Трамп. АҚШ кейінгі кезде Таяу Шығыста ірі күштерін шоғырландырған. Конгреске жолдауы кезінде Трамп Иранға соққы жасау мүмкіндігін де жоққа шығарған жоқ.

Венесуэлаға тоқталған Трамп Каракасты "АҚШ-тың досы" деп атады. Бірақ Ресеймен тіке қарым-қатынасы туралы айтқан жоқ.

CNN жазуынша, бұл тарихтағы ең ұзақ спич: Трамп 1 сағат 47 минут сөйлеген.

Демократтар Трамптың кейбір сөздеріне қаттырақ наразылық білдіріп еді, олар залдан шығарылды, бірқатар конгресмен наразылық білдіріп, өздері шығып кетті. Вирджиния губернаторы Эбигейл Спэнбергер Дональд Трамп ешқандай мәселенің шешімін ұсынған жоқ, көбі жағдайды ушықтырады деді.

Трамптың жолдауына әдеттегідей қонақтар да шақырылды, олар галереядан орын алды. Қонақтарды Ақ үй де, Конгресс мүшелері де шақыра алады. Конгресмендер мен демократ сенаторлар Джеффри Эпштейн ісі бойынша куәгерлерді шақырды.

Ақ үй Италиядағы қысқы Олимпиада ойындарында Канаданы жеңіп, алтын ұтып алған америкалық хоккейшілерді шақырды. Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон "Артемида-2" миссиясы аясында Айға ұшуы керек төрт астронавты шақырды. Бұған қоса, Гонконгте Қытай билігін сынап, түрмеге отырғызылған Джимми Лайдың қызын, консерватор белсенді Чарль Кирктің жесірін, былтыр Вашингтонда өлтірілген ұлттық гвардия қызметкері Сара Бекстремнің ата-анасын шақырған. Украинаның АҚШ-тағы елшісі Ольга Стефанишина да шақыру алған.