Трамп: Иран америкалық әскери тікұшақты атып түсірді

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран Ормуз бұғазында патрульдік қызмет атқарған АҚШ әскеріне тиесілі Apache тікұшағын атып түсіргенін мәлімдеді. Вашингтон оған жауап беруге мәжбүр болды деді ол Truth Social желісінде.

Оның айтуынша, тікұшақтың екі ұшқышы зардап шекпеген. Ұшқыштар аман екенін Трамп 9 маусым таңертең мәлімдеген, алайда ол кезде тікұшақтың құлау себебін айпаған еді.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи 9 маусымда шетел әскерін Ормуз бұғазынан кетуге шақырды. Себебі, оның айтуынша, олар «өздерінің қателігінен немесе қақтығыс ошағында қалып қалатындықтан үнемі қауіп-қатерге ұшырайды». Ол бұл мәлімдемесін Трамптың сөзінен кейін жариялады.

Axios хабарлауынша, Америка әскері бұған жауап ретінде 9 маусымда Иранның бірнеше әуе қорғаныс жүйесі мен радарына соққы жасаған.

Бұған дейін АҚШ орталық қолбасшылығы (CENTCOM) аймақ суын күзету кезінде Оман жағалауында AH-64 Apache тікұшағы апатқа ұшырағаннан кейін екі экипаж мүшесінің құтқарылғанын хабарлаған. АҚШ әскері сарбаздар апаттан кейін шамамен екі сағаттан соң эвакуацияланғанын және олардың жағдайы тұрақты екенін мәлімдеді, бірақ оқиғаның себебі әлі тексеріліп жатқанын атап өтті.

  • 9 маусымда Трамп Иранмен жасалып жатқан бейбітшілік келісімнің аяқталуына аз қалғанын айтқан. АҚШ президенті Дональд Трамп Израильдің премьер-министр Биньямин Нетаньяхуға Иранмен жағдайды ары қарай ушықтыратын болса, оның салдары болуы мүмкін екенін ескерткенін мәлімдеді. Дүйсенбіде Израиль мен Иран шабуылды тоқтататынын хабарлады. Дегенмен Израиль Иранның ескертулеріне қарамастан Ливандағы «Хезболлаға» қарсы операциясын жалғастырды.