Трамп Иран наразылыққа қатысушыларды дарға асудан бас тартқанын айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігі үкіметке қарсы наразылыққа қатысушыларды дарға аспайды деп мәлімдеді. Бұл жөнінде NBC News жазды. Трамптың сөзінше, АҚШ-қа "Иранда адам өлтіру тоқтағаны жөнінде" ақпарат кеіп түскен.

"Мұны маған хабарлағандар сенімді дереккөзден алынғанын айтты" деді Трамп.

Ол Тегеран наразыларды дарға аса бастаса, Вашингтон Иранға қарсы қатаң шара қолданатынын ескертті.

АҚШ пен құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, Иран 14 қаңтарда алғашқы наразылыққа қатысушы – 26 жастағы Эрфан Солтаниды дарға аспақ болған.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, наразылық басталғалы бері Иранда 2 мыңнан астам адам қаза болған.

Трамп үкіметке қарсы акцияға қатысушылардың жазаға тартылуын айыптады.

Вашингтон санкциядан бастап әскери соққыға дейін – Тегеранға қысым жасаудың түрлі амалдарын қарастырып жатыр. Reuters-тің Еуропадағы дереккөзінің хабарлауынша, АҚШ Иранға бір тәулік ішінде соққы жасауы мүмкін. Осындай ақпарат тараған шақта АҚШ Таяу Шығыстағы ірі әскери базаларынан әскерін шығара бастаған.