Трамп Иранды атысты тоқтату режимін бұзды деп айыптады

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран Ормуз бұғазындағы кемені төрт дронмен шабуылдады деп мәлімдеді. Ол Тегеранның әрекетін "атысты тоқтату туралы келісімді ақымақтықпен бұзу" деп атады."

Трамптың Truth Social желісінде жазуынша, дрондардың бірі жүк кемесінің жоғарғы палубасын айтарлықтай бүлдірген. Трамптың сөзінше, соған қарамастан кеме жүзе берген. Қалған үш дронды Америка әскері атып түсірген.

Трамп Сингапурдың туын іліп алған Тайваньның Ever Lovely кемесімен алдыңғы күні болған оқиғаны айтып тұр. Кеме Оман жағалауындағы Ормуз бұғазынан өтіп бара жатқанда «белгісіз нысанға» соғылған — бұл Иран мәлімдеген кеме жолынан өзгеше бағыт. АҚШ шенеуніктері Reuters агенттігіне кемеге Иран шабуылдағанын айтты. Ешкім зардап шекпеген, кеме сапарын үзбеген.

АҚШ-тың қолбасшылығы 26 маусымда кешке Иранның бұл әрекетіне жауап ретінде Америка әскері Иранның дрон мен ракета қоймаларына, сонымен бірге жағалау радарларына соққы жасағанын хабарлады. Иран жағы әзірге шығын жөнінде хабарламады.

Бұл оқиға Иран, АҚШ және олардың одақтастарының атысты тоқтату келісімі аясында Ормуз бұғазын ашу туралы келісімді тәпсірлеуде әлі де қайшылықтар барын айғақтайды. Иран бұғаздан өтетін кемелер сапарларын Тегеранмен келісуі керек деп санайды. Қазіргі кезде Иран ол үшін жарна алмайды, бірақ болашақта мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ал бұл шарттарға келіспеген кемелердің қауіпсіздігіне Иран кепілдік бермейді.

АҚШ және Парсы шығанағының алты мемлекеті жұма күні Иранның әрекетін айыптап, Ормуз бұғазы арқылы өтуге ақы алынуына жол бермейтінін мәлімдеді. Мәлімдеме авторлары бұғаздан өту «еркін, шартсыз және шектеусіз» болуы керек деді. Ал бұған реакция білдірген Иранның сыртқы істер министрлігі бұғаздан Тегеранның "келісімінсіз" өту мүмкін еместігін мәлімдеді.

АҚШ пен Израильдің 28 ақпан күнгі соққысынан кейін Иран іс жүзінде Ормуз бұғазын жапқан. Ал АҚШ Иранның порттарына тосқауыл қойғанын айтты. Маусымның ортасында қол қойылған меморандумның шартына сәйкес, Ормуз бұғазы кемінде 60 күнде ашылуы керек, бұл уақытта түпкілікті келісім бойынша келіссөз жүрмек. Ал одан кейін не болатыны жөнінде тараптар әзірге келіспеді. Бұғаздың стратегиялық маңызы зор, себебі Парсы шығанағында өндірілетін мұнайдың басым бөлігі сол арқылы халықаралық нарыққа жол тартады.