Трамп Иранға қарсы жоспарлы шабуылды кейінге қалдырғанын мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп 19 мамырға жоспарланған Иранға қарсы шабуылды, бірқатар елдің өтінішін ескеріп, кейінге қалдырғанын мәлімдеді. Ол бұл туралы Truth Social желісінде жазды.

Трамп Қатар, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктерінің басшылары оған әлгіндей өтініш білдіргенін айтты. Олар қазіргі уақытта АҚШ пен Таяу Шығыс елдеріне тиімді болуы мүмкін "байсалды келіссөз" жүріп жатқанын мәлімдеген.

Трамп тараптар мәмілеге келген жағдайда, келісім қорытындысы Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеуі керек деп атап айтты.

АҚШ президенті Пентагон басшысы Пит Хегсетке, Біріккен штаб бастықтары комитетінің төрағасы Дэн Кейнге және АҚШ әскери күштеріне шабуыл бастамай күте тұруды және мәмілеге қол жетпеген жағдайда Иранға қарсы "кең ауқымды шабуылға" дайындалуды тапсырғанын мәлімдеді.

АҚШ пен Иран арасындағы атысты уақытша тоқтату жөніндегі келісім сәуірдің басынан бері күшінде, алайда мамырдың басында екі тарап бір-біріне шабуыл жасаған.

Вашингтон Тегеран бейбітшілік келісімінен бас тартса, Иранға қарсы әскери әрекеттерді қайта бастаймыз деп бірнеше рет сес көрсеткен. 17 мамырда Трамп Truth Social желісінде: "Иранға берілген уақыт өтіп жатыр, олар асыққаны жөн, әйтпесе түгі қалмайды", деп жазды.

  • 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы бірлескен әуе шабуылдарын бастаған, оның көздеген мақсаттарының бірі – Тегеранның ядролық және баллистикалық зымыран мүмкіндіктерін шектеу. Бұл шабуылдарға қарымта ретінде Иран бұрын әлемдік нарыққа шығатын мұнай көлемінің бестен бір бөлігі өтетін маңызды теңіз жолы – Ормуз бұғазын жапты, бұл бағаның күрт өсуіне себеп болды. Содан бері бұл мәселе қарулы жанжалды реттеудің өзегіне айналды.