Трамп Иранмен атысты тоқтату келісімі күшін жойды деп мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО саммитінде. Анкара, Түркия, 8 шілде, 2026 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Анкарада өтіп жатқан НАТО саммитінде журналистердің сауалына берген жауабында Иранмен атысты тоқтату келісімі күшін жойды деп санайтынын мәлімдеген.

"Менің ойымша, бәрі аяқталды. Бұдан былай олармен айналысқым келмейді", - деген Трамп. Ол жағдайды әлі американдық келіссөз жүргізушілермен талқылайтынын, бірақ Тегеранмен бұдан ары қарай келіссөз жүргізуді "уақытты зая кетіру" деп санайтынын айтқан.

Бұған қоса Трамп АҚШ әскері 8 шілдеге қараған түні Иран аумағына "өте күшті шабуылдар" жасағанын хабарлады.

"Біз оларға: "Өздеріңнің жерлеу істеріңмен айналысыңдар" дегенбіз, бірақ оның орнына кеше олар кемелерді атқылай бастады. Сондықтан біз өткен түні оларға өте қатты соққы бердік", – деді Трамп.

АҚШ-тың Орталық әскери қолбасшылығы (CENTCOM) бұған дейін Иранның әуе қорғаныс жүйелеріне, радар станцияларына, кемеге қарсы зымыран жүйелеріне және қайықтарына шабуылдар жасалғанын хабарлаған. Вашингтон бұл операция Ормуз бұғазындағы кемелерге жасалған шабуылдарға қарымта деп мәлімдеген. АҚШ Ормузда мұнай таситын кемелерге жасалған шабуылға Иранды айыптаған.

Ислам революциясының сақшылары корпусы Парсы шығанағы елдеріндегі АҚШ әскери күштерімен байланысты 85 нысанаға дрондар мен зымырандармен шабуыл жасағанын мәлімдеді.

Маусым айының ортасында АҚШ пен Иран атысты 60 күнге тоқтату және түпкілікті бейбітшілік келісіміне қол жеткізу үшін келіссөздер жүргізу көзделген өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

АҚШ әскері Иранға әуеден "қарымта шабуыл" жасағанын айттыТегеранда төрт күнге жалғасқан аятолла Хаменеимен қоштасу рәсімі аяқталдыАҚШ пен Иран өзара шабуылды доғарып, келіссөзді қайта жалғастыруға келістіИран мен АҚШ бір-біріне соққы жасадыТрамп Иранды атысты тоқтату режимін бұзды деп айыптады