Трамп Израиль мен Ливан 10 күндік бітімге келіскенін жариялады

Солдан оңға қарай: АҚШ мемдепартаменті кеңесшісі Майкл Нидхэм, АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Майк Уолц, АҚШ мемхатшысы Марко Рубио, АҚШ-тың Ливандағы елшісі Мишель Исса, Ливанның АҚШ-тағы елшісі Нада Хамаде Муавад және Израильдің АҚШ-тағы елшісі Йехиэль Лейтер. 14 сәуір, 2026 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Ливан атысты уақытша тоқтатуға келісті деп мәлімдеді.

"Мен жаңа ғана Ливанның құрметті президенті Жозеф Аунмен және Израиль премьер-министрі Биби (Бенямин - ред.) Нетаньяхумен нәтижелі әңгімелестім. Екі көшбасшы өз елдері арасында бейбітшілікке қол жеткізу үшін ресми түрде 10 күндік бітім жариялауға келісті", деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік медиа платформасында.

Атысты тоқтату режимі 17 сәуірге қараған түні күшіне енбек. Трамптың сөзінше, ол Аунмен және Нетаньяхумен келіссөздер өткізгеннен кейін екі тарап арасындағы келісімге қол жеткен.

Бұған қоса Трамп бұл екі елдің басшыларын келіссөз өткізуге Вашингтонға шақырғанын айтты.

"Екі тарап та БЕЙБІТШІЛІККЕ ұмтылып отыр, және оның жақын арада болатынына сенемін!", деді АҚШ президенті.

Израильдің кейбір министрлері Нетаньяхудан Ливанмен атысты тоқтату мәселесін дауысқа салуды сұраған, бірақ премьер-министр ондай болмайды деп мәлімдеген.

"Біздің күштеріміз стратегиялық орындарда қалады", деген ол министрлерге және бұл мәселе бойынша кейінірек қосымша талқылау өткізуге уәде берген.

Израиль армиясы Ливанның оңтүстігінде "Хезболла" тобына қарсы әскери операция жүргізіп жатыр. "Хезболла" – Ливанның оңтүстігінің басым бөлігін бақылауында ұстап отырған, ымырасыз қарулы күрес жүргізетін топ әрі саяси партия. АҚШ оны террорлық ұйым деп санайды, ал Еуроодақ оның тек қарулы қанатын "қара тізімге" енгізген.

Нетаньяхудың айтуынша, бітім кезінде Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Ливанда қалып, "Сирия шекарасына дейін ауқымды қауіпсіздік аймақ құрады".

Трамп өз хабарламаларында ираншыл "Хезболла" тобы жайлы ештеңе айтқан жоқ.

Ливан армиясы өз жеріндегі "Хезболланы" бақылауда ұстай алмайтыны туралы мәлімдеме Израильде әртүрлі деңгейде бірнеше рет айтылған. Бұған қоса, ол топтың қарулы бөлімшелері атысты тоқтату бітімін өз мүддесіне пайдалануға тырысатынын жоққа шығаруға болмайды деген.

Осы аптада Вашингтонда 1993 жылдан бері алғаш рет Израиль мен Ливан өкілдері арасында тікелей келіссөз өтті. Кездесуге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қатысты.

Тараптар алдағы апталарда диалогты жалғастырып, шекараны белгілеу және гуманитарлық мәселелерді талқылауға келісті.

Израиль мен Ливан 1948 жылы Израиль мемлекеті құрылғаннан бері ресми түрде соғыс жағдайында деп саналады.