Трамп Израильдегі сайлау қарсаңында Нетаньяхуға қолдау білдірді

АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху. АҚШ, Флорида, 29 желтоқсан, 2025 жыл

АҚШ президенті Дональд Трамп Израильдегі парламент сайлауы қарсаңында сол елдің қазіргі премьер-министрі Беньямин Нетаньяхуге қолдау білдіріп, мәлімдеме жасады. Ол Нетаньяхуды Иранмен күрестегі "ұлы жауынгер" және "бейбітшілік жолындағы серіктес" деп атады.

"Израильде басқа басшы, яғни Бибиден өзге кез келген адам болғанда, Америка бұл жұмысты өзі істеуге мәжбүр болар еді. Ал мен ондайды қаламаймын", – деп жазды Трамп Truth Social желісінде. Биби – Нетаньяхудың кең тараған лақап аты.

Трамп Нетаньяхуды "Израиль үшін осыншама көп іс атқарған ел – Құрама Штаттар талап ететін" серіктес деп сипаттады.

Осы мәлімдемесінен бес күн бұрын, 13 қазанда, Трамп Израильдегі сайлауда қандай да бір кандидатты қолдау жайлы әлі ойланбағанын айтқан. Оған дейін ол Нетаньяху мен оның командасын Иранға қарсы әскери науқанға жеткілікті қатыспады деп сынаған еді.

Нетаньяху АҚШ президентіне алғыс айтып, Израильдің Ақ үйде Трамптан артық одақтасы ешқашан болған емес деп мәлімдеді.

"Біз бірге ұлы істер атқардық. Алдағы екі жылда да миссиямызды бірге аяқтап, Иранның ядролық бағдарламасын жоямыз", – деп уәде берді ол.

Нетаньяхуды Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен Гвир мен қаржы министрі Бецалель Смотрич те қолдады.

"Премьер-министр болуға бір ғана адам лайық. Ол – Беньямин Нетаньяху. Мәселе оның қасында кім болатынында", – деп мәлімдеді Бен Гвир.

Алдағы сайлауда Нетаньяхуға басты бәсекелес болатын Израиль армиясының бұрынғы бас қолбасшысы әрі "Яшар" партиясының жетекшісі Гади Эйзенкот Тель-Авив университеті студенттерімен кездесуде АҚШ президентін сыйлайтынын, бірақ Израиль демократиялық ел екенін және премьер-министрді азаматтардың өзі таңдайтынын айтты.

  • Израиль парламенті – Кнессет депутаттарын сайлау 27 қазанға белгіленген. Нетаньяху мен оның оңшыл "Ликуд" партиясын ел тұрғындарының бір бөлігі қолдайды. Алайда премьерді жемқорлыққа қатысы бар деп айыптайтындар да аз емес. Нетаньяху мен Израиль басшылығы барлау қызметтерінің ескертуіне қарамастан, ХАМАС тобының 2023 жылғы 7 қазандағы шабуылына жол бергені үшін де қатаң сынға қалып отыр. Бұл оқиғаны тексеретін комиссияның әлі күнге дейін құрылмағаны да сынға себеп болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

БАҚ: АҚШ пен Израиль Иранға құрлықтан экономикалық қысымды күшейту жайын талқылағанБАҚ: Трамп пен Нетаньяху кездесуінде Иран мәселесі басты тақырып болғанИзраиль Газа секторының бөлігін қалпына келтіруді мақұлдағанБАҚ: Халықаралық қылмыстық сот израильдік шенеуніктерді тұтқындауға құпия ордер сұратқанНетаньяху Тоқаевқа "Ибраһим келісіміне" қосылғаны үшін алғыс айтты