Трамп пен Мерц арасындағы дау тұсында АҚШ Германиядағы әскерін азайтпақ

АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Германия канцлері Фридрих Мерц арасында Ирандағы соғысқа байланысты дау туындаған шақта АҚШ қорғаныс министрлігі Германиядан 5 000 әскерін әкететінін хабарлады.

Пентагонның өкілі Шон Парнеллдің айтуынша, Америка әскерін әкету туралы бұйрықты қорғаныс министрі Пит Хегсет берген.

"Әскерді әкету алдағы 6-12 айда аяқталады деп ойлаймыз” деді Парнелл.

Бұған дейін Германия канцлері Фридрих Мерц Американың Иранмен соғыстағы стратегиясын сынап, Вашингтонның нақты жоспары жоғын айтып, бәріне зиян келіп жатқандықтан соғысты аяқтау қажеттігін айтқан.

Ал Трамп Мерцті “өз міндетін нашар атқарып жатыр” деп мәлімдеп, Германияның өз мәселелері жетіп артылатынын, арасында энергетика мен көші-қон мәселелері барын да айтқан. Трамп сонымен бірге "Германиядағы әскерінің санын қысқарту мүмкіндігі мәселесін зерттеп, талдайтынын" айтқан.

2025 жылдың желтоқсанындағы мәлімет бойынша Германияда 36 мыңнан астам Америка сарбазы шоғырланған. Бұл Еуропадағы ең ірі америкалық әскери контингент.

Олардың көбі Германияның оңтүстік-батысындағы "Рамштайн" әуе базасында орналасқан. Трамп сонымен бірге Италия мен Испаниядағы Америка әскерін әкету мәселесін қарастырып жатқанын айтқан.