АҚШ президенті Дональд Трамп Израильдің премьер-министр Биньямин Нетаньяхуға Иранмен жағдайды ары қарай ушықтыратын болса, оның салдары болуы мүмкін екенін ескерткенін мәлімдеді. Ол мұны израильдік N12 телеарнасына берген сұхбатында айтты.
"Мен оған: Биби (Нетаньяхудың мектептегі лақап аты – Азаттық), сен өте сақ әрекет еткенің жөн, әйтпесе тез арада Иранға қарсы жалғыз қалуың мүмкін деп айттым", – деген Трамп.
Ол биыл 7 маусымда телефонмен әңгіме барысында Нетаньяхудан Иранның зымыран шабуылына қарымта қайтармай-ақ қоюды сұрағанын айтты. Трамптың сөзінше, кейінірек Израиль жоспарланған операция жайлы Вашингтонды ең соңғы сәтте ғана хабардар еткен.
"Израильдіктер жаңартылған ақпаратты бізге тым кеш берді. Олар ендігі Иранға бағыттап қойған еді. Маған ол шабуылдың ауқымын азайтудың сәті түсті", – деді АҚШ президенті.
Бұған қоса ол 8 маусым күні таңертең Иран өкілдері арағайындар арқылы хабарласып, Израильге шабуылды тоқтатуға уәде беріп, Вашингтоннан Израиль басшылығына ықпал етуді сұрағанын мәлімдеді.
"Мен Бибиге телефон шалып, оны тоқтатуға мәжбүр еттім", – деп мәлімдеді Трамп.
Сонымен бірге АҚШ президенті Тегеранмен келісім жасасуға әлі де мүдделі екенін және мұндай келісімге Иранның да ықылас танытып отырғанын айтты.
7 маусым күні Иран Израильді зымыранмен атқылап, мұны Израиль армиясының (ЦАХАЛ) Ливанның Бейрут қаласындағы ираншыл "Хезболла" тобының штаб-пәтеріне жасаған шабуылдары үшін кек алу деп атады (АҚШ пен Израиль "Хезболланы" террористік ұйым деп таныған, Еуроодақ оның тек әскери қанатын ғана террорлық топқа жатқызған).
Израиль қарымта ретінде Иранның әскери нысандарына шабуыл жасады. 8 маусымда Тегеран атқылауды доғарғанын жариялап, кейінірек Израиль Иранға шабуылдарды тоқтата тұратынын хабарлады, ал "Хезболлаға" қарсы операцияны күшінде қалдырған.
Your browser doesn’t support HTML5
Иран Израильді атқылады. Тегеранда жарылыс болды | Соғыс жаңалықтары