Трамп Ормуз бұғазы ашық деп мәлімдеді. Иран байланыс арнасын орнатқанын айтты

Ормуз бұғазындағы Бандар-Аббас маңында суда тұрған кемелер. 18 маусым, 2026 жыл. Иранның ISNA ақпарат агенттігінің суреті.

АҚШ президенті Дональд Трамп әлемдегі мұнай қорының елеулі бөлігі тасымалданатын және биыл қыстың соңында соғыс басталғаннан кейін әуелі Иран, содан кейін АҚШ құрсауға алған Ормуз бұғазы толықтай қайта ашылатынын жариялады.

"Кеше бұғаз арқылы бұрынғыдан да көп мұнай өтті... Мұнай ағыны. Бұғаз толық ашылды... Бізде екі нәрсе бар: ашық бұғаз және ешқашан ядролық қаруға ие болмайтын ел", - деді АҚШ президенті.

  • Тегеранның ядролық қару әзірлеуіне жол бергісі келмеген АҚШ пен Израиль биыл ақпан айының аяғында Иранға қарсы әуе шабуылдарын бастаған.

Reuters агенттігі АҚШ-пен келіссөзге қатысқан Иранның жоғары лауазымды өкілі Мохаммад Багер Ғалибафтың Тегеран бұл стратегиялық маңызды су жолындағы қақтығыстар мен оқиғаларды болдырмау үшін Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуіне қатысты байланыс арнасын құруға келісті деген сөзін келтірген.

Соғыс, Иранның Таяу Шығыс елдеріне шабуылдары және бұғаздың жабылуы нарықта мұнай бағасының күрт өсуіне себеп болды және әлемдік экономикаға қауіп төндірді.

The Financial Times газеті спутниктен түсірілген суреттерге сүйеніп, бұғазда 441 танкер бөгеліп тұр деп жазды.

Ормуз бұғазын кеме қатынасы үшін ашу – Швейцарияда басталған АҚШ-Иран келіссөзінің өзегіне айналды.

Келіссөздің бірінші кезеңінен кейін АҚШ санкция салынған Иран мұнайын өндіруге, жеткізуге және сатуға уақытша рұқсат берді. Ал Тегеран өз аумағына МАГАТЭ инспекторларын кіргізуге келіскені туралы хабар тарады.

АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент: "Швейцарияда жалғасып жатқан өнімді келіссөздерге сәйкес, Иран Ормуз бұғазы арқылы еркін транзитті қамтамасыз етуге және Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) инспекторларына өз аумағына кіруге рұқсат беруге міндеттенді. Келісімнің бөлігі ретінде Қаржы департаменті Иран мұнайын өндіруге, жеткізуге және сатуға рұқсат беретін 60 күндік уақытша жалпы лицензия берді", деп хабарлады.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, өткен аптада Вашингтон мен Тегеран арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумға сәйкес, АҚШ Иранның шикі мұнайы мен мұнайдан жасалатын өнімдерін экспорттауға, сондай-ақ банк, сақтандыру және тасымалдауды қоса алғанда, барлық тиісті қызметтерге рұқсат беруге келіскен.

Дүйсенбіде рұқсат берілген жалпы лицензиялар АҚШ-қа Иранның шикі мұнайын, мұнай химиясы мен мұнай өнімдері импортын қамтиды.

Лицензияда Иран мұнайын сатуды немесе жеткізуді аяқтау үшін қажет болған жағдайда осы рұқсаттар аясында оларды АҚШ-қа импорттай алатыны айтылған.

Бұл лицензия АҚШ-тың қатаң санкцияларына ұшыраған елдермен – Солтүстік Корея не Кубамен операциялар жүргізуге рұқсат бермейді деп жазды агенттік.

Бұған дейін АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Иранның Халықаралық атом энергиясы агенттігінің инспекторларына ел аумағына кіруге рұқсат беруге келіскенін мәлімдеген.

Вэнс бұл мәселе бойынша Иран, АҚШ және МАГАТЭ арасындағы келіссөздер "осы аптада" басталады деп мәлімдеген. Иран мұны әлі растаған жоқ.

Axios басылымының хабарлауынша, Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арақчи АҚШ пен Иран бұған дейін бұғатталған кейбір ирандық қаражатты босату жөнінде келісімге келді деп мәлімдеген, алайда Вэнс әлі ондай ешнәрсе болған жоқ деп айтты.