Трамп пен Зеленский: бейбітшілік жоспарының 90 пайызы келісілді

АШҚ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский баспасөз мәслихаты кезінде қол алысып тұр. 28 желтоқсан, 2025 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп 28 желтоқсанда Флоридада Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөз өткізгеннен кейін бірлескен баспасөз мәслихатында екеуінің кездесуі "өте тамаша" болғанын айтты. Келіссөзден соң Трамп пен Зеленский Еуропа елдері мен НАТО басшыларымен де телефонмен сөйлескен.

"Біз көптеген мәселелерді талқыладық. Менің ойымша, біз бейбіт келісімге қол жеткізуге едәуір жақындадық, тіпті өте жақын қалдық", – деді Трамп.

"Украиналықтардың 91 пайызы соғыс аяқталғанын қалайды. Ресей де оны аяқтағысы келеді. Бәрі оның біткенін қалайды", – деді ол.

Зеленский Трамппен өткізген келіссөзінің қорытындысы жөнінде: "Украина үшін қауіпсіздік кепілдіктері жөнінде біз ортақ түсінікке таядық", – деп мәлімдеді және бейбітшілік жоспарының 90 пайызы келісілгенін айтты.

Сонымен бірге АҚШ президенті бейбітшілік жоспарының шамамен 90 пайызы түпкілікті келісілгенімен, әлі шешілмеген бір-екі мәселе барын, соның ең күрделісі – жер мәселесі екенін атап өтті.

"Украина қазір келісімге келгені жөн, әйтпесе ол тағы да жері мен адамдарынан айырылады", – деп мәлімдеді Трамп. Ол Украинаның батыл күрескенін айтып, "бірақ жанжалды аяқтайтын уақыт келді" деп қосты. Сондай-ақ АҚШ президенті Украина [жанжалды] реттеу мәселелерін жалпыхалықтық референдум арқылы немесе парламент мақұлдағаннан кейін шешуі тиіс екенін айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Путиннің көмекшісі: Ресей мен АҚШ бейбіт келісім жөнінде жұмыс топтарын құрады

Зеленский екеуіңіз Ресей әскері басып алған Запорожье атом электр станциясындағы жағдайды талқыладыңыздар ма деген сұраққа Трамп бұл мәселе жөнінде 28 желтоқсанда Ресей президентімен егжей-тегжейлі сөйлескенін айтып жауап қатты.

"Президент [Владимир] Путин шын мәнінде оны қайта ашу мақсатында Украинамен бірге жұмыс істеп жатыр. Бұл тұрғыда ол өзін өте дұрыс ұстап отыр. Ол станцияның ашылғанын көргісі келеді", – деді Трамп.

Бұған қоса Трамп болашақта Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктерінің негізгі бөлігі Еуропа елдеріне жүктелетінін тағы айтты.

Баспасөз мәслихатының соңында Трамп пен Зеленский бір күннен соң, яғни 29 желтоқсанда тағы да кездесуі мүмкін екені хабарланды.