АҚШ Польшаға 5 мың әскерін жібереді. Бұл жөнінде АҚШ президенті Дональд Трамп Truth желісінде мәлімдеді. Оның жазуынша, Польшадағы президент сайлауында жеңіске жеткен Кароль Навроцкийдің арқасында осындай шешім қабылданған. Навроцкий Трампты қолдайды және онымен жақсы қарым-қатынаста.
Польшада президент сайлауы шамамен бір жыл бұрын болған. Навроцкийді қазір оппозицияда жүрген оңшыл консерваторлардың "Құқық және әділет" партиясы қолдайды. Президент пен Дональд Туск үкіметі арасындағы қарым-қатынас жақсы деуге келмейді.
Трамптың жазбасынан 5 мың әскер Польшаға онда орналасқан 10 мың америкалық әскерге қосымша ретінде жіберіле ме әлде мәселе ротацияда болып отыр ма, ол жағы белгісіз.
Бұған дейін ақпарат құралдары АҚШ-тың Польшадағы шамамен 4 мың әскерінің ротациясын күтпеген жерден кейінге қалдырғанын жазған еді. Америка Германиядан 5 мың әскерін әкететінін жариялағаннан кейін Америка Еуропадағы әскерінің санын қысқартуы мүмкін деген болжам айтыла бастады. Дегенмен АҚШ вице-президенті Джэй Ди Вэнс мәселе Польшадағы контингентті қысқарту жөнінде болып отырмағанын, тек ротация кешіктіріліп жатқанын айтты. Ол АҚШ Еуропа елдерінің қорғаныс мәселесіне келгенде өзін-өзі қамтамасыз ететіндей шамада болғанына күш салады деген.
22 мамырда Швецияның Хельсингборг қаласында НАТО елдерінің қорғаныс министрлерінің жиыны өтеді. НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте Трамптың Польшаға 5 мың әскер жіберу туралы шешімін жылы қабылдап, қорғаныс мәселесіне келгенде Еуропа елдерінің АҚШ-қа тәуелділігін азайту тренді жалғаса беретінін айтты.
Хельсингборгтағы кездесуге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да қатысады. Кездесу алдында ол Иранмен соғыс кезінде НАТО-ның бірқатар елдерінің АҚШ-қа көмектесуден бас тартқанын, атап айтқанда Испания әскери базасын пайдалануға жол бермегенін алға тартып, көңілі қалғанын жетізді. Дегенмен Рубио НАТО-ның бірқатар елдерін мақтаған.