Трамп Путин "НАТО аумағына шабуылдамайтынын" айтты

Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбі күні журналистерге Ресей президенті Владимир Путин НАТО аумағына шабуыл жасамайды деп мәлімдеді.

«Онымен жақсы келіссөз жүргіздік. Оның НАТО аумағына шабуыл жасау ниеті жоқ» деді Ақ үйде Трамп журналистерге.

Бейсенбі күні таңертең Трамп Axios басылымына телефон арқылы берген сұхбатында Ресей жағынан ешқандай соққы болмайтынын және ЦРУ басшысы Рэтклиффтің Мәскеуге қандай да бір хабарлама жеткізу үшін бармағанын айтты.

"Рэтклифф ресейлік әріптесімен алты ай сайын немесе жылына бір рет кездеседі. Олардың қарым-қатынасы өте жақсы. Ешқандай хабарлама болған жоқ, ерекше ештеңе болған жоқ" деді Трамп басылымға.

Бұған дейін батыс басылымдары Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) директоры Джон Рэтклифф Мәскеуге сапарлағаннан кейін дереккөздерге сүйеніп, сапардың мақсаты Ресейге АҚШ-тың НАТО бойынша одақтастарымен қайшылықтарының ушығып кетуіне жол бермеу жөнінде ескерту болғанын жазған.

Politico жазуынша, Рэтклифф осы сапарын сонымен бірге Ресейдің Иранға әскери әрі экономикалық тұрғыда қолдауын азайтуына ықпал ету үшін пайдаланғанын да жазды.

Сәрсенбі күні Рэтклиффтің Мәскеуге сапарына түсініктеме берген Трамп Ресей өкілдерімен келіссөз жөнінде бірқатар БАҚ-та шыққан болжамдарды жоққа шығарды. Оның сөзінше, Рэтклифф сапар кезінде Ресейдің НАТО елдеріне ықтимал қатерін талқыламаған. Трамптың айтуынша, басты тақырып Украина болған.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ЦРУ басшысы Мәскеуге "арнайы қызметтер арасында байланыс орнату үшін" барғанын айтқан. Песковтың айтуынша, Рэтклифф Путинмен кездеспеген.

Джон Рэтклифф ЦРУ басшысы қызметін 2025 жылдың қаңтарынан бері атқарып келеді. 2021 жылдың қарашасынан бері ЦРУ жетекшісі ретінде ол Мәскеуге алғаш рет барып отыр.