АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен әңгімелескен кезде Украинадағы соғысты тоқтату қажет дегенді үнемі айтатынын мәлімдеді. Трамп Fox News арнасына сұхбатында осылай деді.
"Егжей-тегжейіне бармай-ақ қояйын, бірақ мен үнемі бір нәрсені айтамын: Владимир, доғаратын уақытың келді. Бұл соғысты тоқтату керек деймін", – деді АҚШ президенті.
Путин бітімге келуге дайын деп ойлайсыз ба деген сұраққа Трамп бейбіт келісімге келу үшін "екі тараптың да қалауы қажет" екенін айтты, әйткенмен ол Путин бейбіт келісім жасасуға мүдделі деп есептейді.
АҚШ президенті бейбіт келісім "жуық арада" жасалуы мүмкін деп санайтынын және өзінің қызмет мерзімі аяқталғанға дейін соғыс бітеді деп үміттенетінін айтты. Трамптың екінші президенттік мерзімі 2029 жылғы қаңтарда аяқталады.
Трамп сайлауалды науқаны кезінде Ресей мен Украина арасындағы соғысты тез, тіпті 24 сағаттың ішінде аяқтауға болады деп мәлімдеген еді, бірақ кейін бұл міндет өзі ойлағаннан әлдеқайда күрделі екенін мойындаған.
АҚШ әкімшілігі өзара соғысып жатқан Украина мен Ресей арасында араағайын болуға дайын екенін бұрынғысынша мәлімдеп келеді, бірақ кейінгі кезде келіссөздерде алға жылжу байқалмайтынын айтып жүр. Бұған дейін Трамп атысты тоқтату туралы ғана айтса, жақында өткен G7 саммитінде ол Украинаны қолдау жөніндегі мәлімдемеге қосылды.
Трамп пен Путин кейінгі жолы 4 шілдеде телефонмен сөйлескен. Жақында Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездескеннен кейін Трамп Путинге телефон соғатынын айтқан, бірақ екеуі телефонмен сөйлесті деген ақпарат болған жоқ.
Кремль Трамп пен Путиннің арасында жақсы жеке қатынас қалыптасқанын атап айтады. Трамп та Путинмен "тіл табыса" алатынын айтқан, бірақ оған қоса Ресей президентін сөзі жақсы болғанымен, іс-әрекетін еш өзгертпей отыр деп сөккен. Кремль өкілдері болса АҚШ бір жыл бұрын Анкориджде қол жеткізілген әлдебір келісімдерді орындамай отыр деп жиі айтады.