АҚШ президенті Дональд Трамп екеуара телефонмен сөйлескен кезде Ресей президенті Владимир Путин оған Иран мен АҚШ арасындағы жанжалды реттеуге "көмектесуге ниет білдіргенін", алайда негізгі әңгіме Украинадағы соғыс жайлы болғанын айтты.
"Біз Украина туралы сөйлестік, ал ол ешқашан бітіп болмайтын күрес. Президент Путин мен президент Зеленский бір-біріне өлердей өш, бір-бірімен тіл табыса алмайтындай көрінеді. Бірақ, ол жөнінде жақсы әңгіме болды деген ойдамын", деді Трамп 9 наурызда Флоридада өткен баспасөз мәслихатында.
Иран жөнінде Путиннің айтқан ұсынысына байланысты Трамп: "Одан да егер Украинадағы соғысты аяқтауға көмектессең, ең пайдалысы сол болмақ. Міне сол пайдалы болар еді" дедім. Бірақ жақсы әңгіме болды" деп мәлімдеді.
9 наурызда Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамппен телефонмен сөйлескенін Кремль де хабарлаған.
АҚШ-пен Украина жөнінде жүргізілетін келіссөздердегі Путиннің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев "конструктивті әңгіме бір сағатқа созылды" деп жазды. Оның сөзінше, АҚШ пен Ресей басшылары "Украина мен Ирандағы қақтығыстарды шешудің ықтимал жолдарын талқылаған".
Украинадағы соғыс
Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков Ресей президентімен болған әңгімеде АҚШ президенті Трамп Украинадағы жағдайды "мүмкіндігінше тезірек реттеуге мүдделі екенін" білдіргенін айтты. Ушаковтың сөзінше, Трампқа "Ресей әскері табыспен ілгерілеп жатқаны" жайлы айтылған, бұл Украинаны келіссөздерге итермелеуі тиіс фактор ретінде көрсетілген.
Трамп пен Путин былтыр Украина мәселесін бірнеше рет талқылаған, алайда бұл –2026 жыл басталғалы бері екеуара алғашқы телефон әңгімесі.
АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастағаннан кейін Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған әрекеттер баяулай түсті. Украина президенті Владимир Зеленский осы аптада өтеді деп жоспарланған Украина, АҚШ және Ресей өкілдерінің үшжақты кездесуі кейінге қалғанын мәлімдеді.
Ирандағы жағдай
Кремльдің хабарлауынша, Трамппен әңгіме барысында Путин "Ирандағы қақтығысты саяси-дипломатиялық жолмен мүмкіндігінше тезірек реттеуге бағытталған ұсыныс" білдірген.
Бірақ әзірге ол нақты қандай ұсыныс екені жөнінде толық мәлімет жарияланған жоқ.
Бұған дейін Ресей Иранға Таяу Шығыстағы америкалық нысаналар жайлы барлау деректерін беріп жатыр деген хабар тараған. Атап айтқанда, АҚШ-тың әскери нысандарының орналасуы, соның ішінде әскери кемелер мен ұшақтар туралы деректер бергені айтылған. Алайда Трамп пен басқа да америкалық ресми тұлғалар ондай ақпарат "айтарлықтай маңызды фактор емес" деген еді.