Қытай басшысы Си Цзиньпин Вашингтонға Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қамтамасыз ету жағынан көмектесуге ниет білдірді. Бұл жөнінде АҚШ президенті Дональд Трамп Fox News арнасына берген сұхбатында айтты.
Трамптың сөзінше, Қытай басшысы Вашингтон мен Тегеранның келісім жасауына мүдделік танытып отыр.
"Президент Си келісім жасағанымызды қалайды. "Егер қандай да бір көмегім тиіп жатса, көмектескім келеді" деп көмегін ұсынды" деді АҚШ басшысы.
Трамптың сөзінше, Си Цзиньпин Иранға әскери техника бермеуге уәде берген. "Бұл өте салмақты мәлімдеме" деді АҚШ президенті.
Ақ үй сонымен қатар Пекин Ормуз бұғазы арқылы тасымалданатын шикізатқа тәуелділікті азайту үшін америкалық мұнайды көбірек сатып алуға мүдделі екенін хабарлады. Екі тарап та бұғаз халықаралық кеме қатынасы үшін ашық болып қалуы қажет және милитаризациядан аулақ болуы керек деген ортақ тұжырыммен келісті.
Қытай – Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнайды ең көп импорттайтын ел. Иранға қарсы соғыс басталғаннан кейін Пекин кеме қатынасындағы үзілістерге қарамастан Иран мұнайын сатып алуды доғарған жоқ.
The New York Times газетінің жазуынша, Қытай Иран мен АҚШ арасында сәуір айындағы бітімге қол жеткізуде маңызды рөл атқарған.
Бұдан бөлек, The Washington Post АҚШ барлау мәліметтеріне сүйене отырып, Пекин Иранға қатысты қақтығысты әскери және экономикалық жағдайын нығайту үшін пайдаланып жатқанын жазды.
The Washington Post газетінің хабарлауынша, соғыс басталғалы бері Қытай Парсы шығанағындағы АҚШ одақтастарына қару-жарақ жеткізіп, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына шектеу қойылғаннан кейін энергия тапшылығына тап болған елдерге көмектескен.