Трамп Signal чаты жайлы дауға бола ешкімді қызметтен алмайтынын айтты

АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц

АҚШ президенті Дональд Трамп NBC News арнасына берген сұхбатында Йемендегі хуситтерге шабуыл жасауды Signal чатындағы құпия чатта талқылаған өз командасының мүшелерін жұмыстан шығару ойы жоғын айтты. Әлгі чатқа ұйымдастырушы қателесіп қосқан The Atlantic басылымының бас редакторы Джеффри Голдберг ондағы өзі куә болған әңгімені кейін жұртқа жариялаған.

Трамп сұхбатында өзінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолцке бұрынғыдай әлі де сенетінін және оның әлгі чатты өзі құрғанын айтып жауапкершілікті мойнына алғанын атап өткен. АҚШ президенті хуситтерге шабуыл "аса сәтті" болғанын айтып, ол әңгімені баспасөзде талқылауды сөккен.

"Сіздерге тек бір нәрсе айта аламын, бұл – ел ішінен жау іздеу, ал баспасөз тек соны ғана сөз қылып жатыр, өйткені олардың басқа айтар ештеңесі жоқ", – деген Трамп NBC News арнасына.

Бұған дейін Politico басылымы өз дереккөзіне сүйеніп, АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс, Ақ үй аппаратының басшысы Сьюзи Уайлс және кадр мәселелері жөніндегі кеңесші Серхио Гор Трампқа Уолцты жұмыстан босату жайлы ұсыныс айтыпты деп хабарлаған.

Politico деректері бойынша, Трамп Уолцтың қателескенін мойындаса да, демократтар мен либерал ұстанымдағы БАҚ тарапынан сынға жол бермеу үшін оны қызметтен алмауды ұйғарған. Басылымның дереккөздерінің пікірінше, бұл Уолц болашақта осы қызметінде қала береді дегенді білдірмейді.

Трамптың әкімшілігінде де Уолцтың іс-әрекетіне көңілі толмайтындар бар, деп жазды Politico. Басылым дереккөздерінің бірі Ақ үй әзірше кеңесшіні қолдап отыр, бірақ ол көз ұзамай қызметінен кетуі мүмкін деп топшылайды.

• 24 наурызда The Atlantic басылымының бас редакторы Джеффри Голдберг Йемендегі хуситтерге шабуылды талқылаған топ адам отырған чатқа тосыннан оны да қосып жібергенін мәлімдеді. Чатқа қосылған 18 адамның арасында АҚШ вице-президенті Вэнс, қорғаныс министрі Пит Хегсет, Таяу Шығыс бойынша арнайы елші Стив Уиткофф, ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Майк Уолц және мемлекеттік хатшы Марко Рубио бар.

• Бұл ақпарат жұртқа жария болып кеткеннен кейін Трамп әкімшілігінің өкілдеріне Сенаттағы демократтарға түсініктеме беруге тура келді. Ақ үй өкілдері әлгі чатта әскери жоспарлар талқыланған жоқ деп ақталды. Уолц даулы чаттың құрылуына жауапкершілікті өз мойнына алды, бірақ ол чатқа Голдбергті қоспағанын айтты.

• Кейінірек The Atlantic басылымы чаттағы жазбалардың скриншоттарын жариялады, онда америкалық F-18 жойғыш ұшақтарының әуеге көтерілу уақыты, сондай-ақ Йемендегі нысаналарды көздеген дрондар мен "Томагавк" зымырандары ұшырылғаны айтылған.