Трамп Тоқаевты "Үлкен жиырмалық" елдерінің саммитіне шақырды

АҚШ президенті Дональд Трамп (ортада), Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) Бейбітшілік кеңесі жиынында. Вашингтон, 19 ақпан, 2026 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты "Үлкен жиырмалық" елдерінің саммитіне шақырды.

Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың хабарлауынша, Қазақстан басшысы АҚШ президентінен хат алған.

"Құрама Штаттардың президенті мемлекет басшысын Бейбітшілік кеңесінің келесі отырысында және жыл соңына қарай Майамиде өтетін G20 саммитінде күтетінін жеткізді" деп жазылған хатта.

Трамп аталған саммитке Қазақстан мен Өзбекстан басшыларын шақыратынын былтыр желтоқсанда айтқан.

Биыл Вашингтонда Бейбітшілік кеңесінің алғашқы жиынында Тоқаев Қазақстан Газаға бітімгер миссиясы құрамында әскер жіберуге дайын деп мәлімдеген.

Осы жиында Трамп Газa секторы бойынша Бейбітшілік кеңесінің бюджетіне тоғыз ел 7 миллиард доллардан астам қаржы бөлгенін айтқан еді. 9 елдің арасында Қазақстан да бар. АҚШ президенті жария еткен жеті миллиард доллар жарнаның нақты қаншасы Қазақстанның үлесіне тиетіні әзірге белгісіз.

Бұған дейін Ақорда Қазақстан 1 млрд долларлық жарна төлемегенін мәлімдеген еді.

"Үлкен жиырмалық" елдерінің саммиті биыл желтоқсан ортасында Майамиде өтеді. Қазақстан "үлкен жиырмалық" елдеріне кірмейді.