Трамп Үндістан Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатуға келіскенін айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди фотоларынан коллаж.

АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Ресейден мұнай сатып алуды тоқтатуға және мұнайды АҚШ-тан, сондай-ақ бәлкім Венесуэладан сатып алуды едәуір арттыруға келіскенін мәлімдеді.

"Бұл дәл қазір Украинада болып жатқан, апта сайын мыңдаған адам қаза табатын СОҒЫСТЫ АЯҚТАУҒА көмектеседі!" – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасына.

Трамп АҚШ өз кезегінде үнді тауарларына салынатын кеден бажын 25 пайыздан 18 пайызға дейін төмендетеді деді. Ол Үндістан да АҚШ-тан алатын тауарларға баж мөлшерін азайтуға ұмтылатынын айтты.

"Үндістанмен тамаша қарым-қатынасымыз болашақта одан әрі нығая түседі. Премьер-министр Моди екеуіміз – нәтижеге қол жеткізе алатын екі адамбыз, көп адам жайлы мұндайды айта алмайсың", – деп жазды Трамп.

АҚШ президентімен келіссөз өткізгеннен кейін Нарендра Моди X әлеуметтік желісінде АҚШ-тың баж мөлшерін төмендететініне қуанышты екенін білдірді. "Осы керемет мәлімдеме үшін Үндістанның 1,4 миллиард тұрғыны атынан президент Трампқа зор алғыс айтамын", – деп жазды Моди.

Алайда оның жазбасында мұнай сатып алу жөніндегі келісім туралы ештеңе айтылмаған.

Үндістанның сауда министрі Пиюш Гоял екі ел арасындағы сауда келісімін "тарихи бетбұрыс сәті" деп атады.

"Бұл келісім фермерлерге, шағын және орта бизнеске, кәсіпкерлер мен білікті жұмысшыларға бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктерге, олардың Үндістанда күллі әлем үшін өнім өндіруіне, Үндістанда бүкіл әлем үшін дизайн жасауына және Үндістанда күллі әлем үшін инновация енгізуіне жол ашады. Сондай-ақ Үндістанға АҚШ-тан технология алуға көмектеседі", – деп жазды ол X әлеуметтік желісіне.

Reuters агенттігінің жазуынша, кейінгі уақытта Үндістан Ресейден мұнай сатып алуды қысқарта бастаған. Биылғы қаңтар айында импорт көлемі күніне шамамен 1,2 миллион баррельге тең болған. Болжам бойынша, ақпанда бұл көрсеткіш шамамен 1 миллион баррельге дейін, ал наурызда 800 мың баррельге дейін төмендеуі мүмкін дейді агенттік.

  • Трамп 2025 жылғы қазан айында да Моди Ресей мұнайын сатып алудан бас тартуға келісті деп мәлімдеген еді. Ол кезде Үндістанның Вашингтондағы елшілігі бұл жөнінде пікір білдіруден бас тартқан. Ал Үндістан сыртқы істер министрлігі ел энергия ресурстарын сатып алуда "тұтынушы мүддесін" басшылыққа алады деген.
  • Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін Нарендра Модимен бірнеше рет кездескенде өзге мәселелермен бірге Ресей мұнайын сатып алу және ол үшін есеп айырысу тәсілдері де талқыланғаны айтылған. Кейінгі жолы екеуі былтыр желтоқсанда кездескен.