Трамптың Пекин сапары аяқталды. Не шешілді?

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин, Пекин, 15 мамыр, 2026 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай басшысы Си Цзиньпинмен екі күндік саммит аяқталды. Бұл кездесу Ирандағы соғыс екі ел арасындағы қарым-қатынастың сипатын қалай өзгерткенін, бәсекелес екі ел жаһандық дағдарыстан шығуда қаншалық әрекеттесетінін сынап көретін басқосу болды.

Бастапқыда Трамптың 2017 жылдан бергі Қытайға алғашқы сапарында негізінен сауда-саттық, тарифтер және технологиялық шектеулерге қатысты даулар талқыланады деген болжам болған. Алайда, оның орнына Ирандағы соғыс пен жаһандық энергия тапшылығы қаупі басты назарға шықты.

«Біз Иран мәселесін талқыладық. Соғысты аяқтауға қатысты көзқарастарымыз өте ұқсас, — деді Трамп 15 мамырда Си Цзиньпиннің қасында отырып журналистерге берген сұхбатында. — Біз олардың ядролық қаруға ие болғанын қаламаймыз. Бұғаздың ашық болғанын қалаймыз», — деп қосты ол. Трамп бұл жерде әлемдік мұнай тасымалының шамамен бестен бір бөлігі өтетін және қазіргі уақытта толықтай дерлік жабылып қалған стратегиялық су жолы — Ормуз бұғазын айтып отыр.

Сән-салтанат пен әккі дипломатия ұштасқан бұл саммит бірқатар қарапайым сауда келісімдерінің жасалуына мүмкіндік берді. Сондай-ақ Пекин мен Вашингтон бұғаз арқылы өтетін кеме жолдарын ашық ұстау туралы мәлімдемелерін аса мұқият таңдалған сөздермен жеткізді, ал қос көшбасшы арада ушығып бара жатқан сенімсіздікке қарамастан, қарым-қатынасты реттеуге болатынын көрсетуге тырысты.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин, Пекин, 15 мамыр, 2026 жыл.

Сән-салтанатты мемлекеттік банкет пен Пекиннің көрікті жерлеріне жасалған экскурсия барысында Трамп Си Цзиньпинді «досым» деп мақтаса, Қытай басшысы алдағы жылдарда Пекин мен Вашингтон арасындағы байланыстарға бағыт-бағдар беруге арналған «конструктив әрі тұрақты стратегиялық қарым-қатынас орнатуға» шақырды.

«Бұл саммит қарым-қатынастарды тұрақтандыруға бағытталғандай көрінді, — деді Джордж Мейсон университетінің қауымдастырылған профессоры Кейтан Чжан Азаттыққа. — Бірақ алдағы қадамдар екі елдің ішкі саясатына және Иран мен Украинадағы қақтығыстардың қалай өрбитініне тікелей байланысты болады».

Сарапшылардың пікірінше, жылы лебіз көп болғанына қарамастан, саммит әзірге елеулі нәтиже бере қойған жоқ және екі ел арасындағы бәсеке қаншалық күшейгенін кеткенін тағы бір мәрте айқындап берді.

«Пекин Ормуз бұғазы ашық болуы керек, ал Иран ядролық қаруға ие болмауы тиіс деген пікірге келісті. Мұндай сөз жүзіндегі міндеттемелерге Қытай ештеңе шығындамайды, — деді Демократияларды қорғау қорының (FDD) аға ғылыми қызметкері Крейг Синглтон Азаттыққа. — Ең қиын сынақ — Пекиннің Тегеранға қысым жасау-жасамауында, Қытайдың Иран мұнайын сатып алуын шектеуінде немесе Вашингтонға осы жалпылама сөздерді нақты нәтижелерге айналдыруға көмектесуінде болмақ».

Басты назарда – Ирандағы соғыс

Қытай сыртқы істер министрлігі 15 мамырда Иран төңірегіндегі атысты тоқтату режимін сақтауды және теңіз жолдарын қайта ашуды қолдайтынын мәлімдеді.

Трамп Пекинде Fox News телеарнасына берген сұхбатында Си Цзиньпиннің Тегеранмен мәміле жасасуда делдал болуға дайын екенін және бұл елге әскери техника жеткізбеуге уәде бергенін айтты.

«Меніңше, Қытай да Иранның ядролық қаруға ие болғанын қаламайды, — деді Трамп. — [Си Цзиньпин] мұның бәрі аяқталғанын қалайды».

Бұл мәселе екі үкімет үшін де күннен-күнге өзекті болып барады. Вашингтон Пекиннің Тегеранға экономикалық ықпал ету тетіктерін пайдаланғанын қалайды, өйткені Қытай — Иран мұнайын ең көп сатып алатын ел. Бұл аймақты тұрақтандыруға және энергия нарығына түсетін қысымды азайтуға көмектесер еді. Ал Пекин жаһандық экономикалық өсімге нұқсан келтіріп, тасымал тізбегін бұзатын және Қытайдың онсыз да баяулап жатқан экономикасы үшін белгісіздікті күшейтетін қақтығыстан жалтаруға тырысып келеді.

«Таяу Шығыстағы жағдай тынышталса, бұл Қытайдың да мүддесіне сай келеді, — деді Чикаго университетінің Қытай саясаты жөніндегі профессоры Дали Янг Азаттыққа. —Сондықтан стратегиялық тұрғыдан алғанда, Қытайдың бұл соғысқа ашық қарсылық білдіргеніне қарамастан, олардың арасында [Иран мәселесі бойынша] азды-көпті ортақ мәміле бар екеніне толық сенімдімін».

«Қытай тарапы Ормуз бұғазын милитаризациялауды қолдамайтынын және онда жүк өткізуді ақылы етуге қарсы екенін мәлімдеді, бұл біздің де ұстанымымызбен сәйкес келеді», — деді АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 14 мамырда NBC News телеарнасына сұхбатында.

Трамп Иран қақтығысын шешу үшін Қытайдың көмегі қажет емес деп бірнеше рет қайталап айтты, ал Марко Рубио Вашингтон Пекиннен жәрдем сұрап отыр деген болжамды жоққа шығарды.

«Ол одан ештеңе сұраған жоқ, — деді Рубио. — Бізге олардың көмегі керек емес».

Пекиндегі салтанатты рәсімде АҚШ президенті Дональд Трампты әскери қарауыл қарсы алды, 14 мамыр, 2026 жыл.

АҚШ-тың сауда өкілі Джеймисон Грир 15 мамырда Bloomberg TV-ге берген сұхбатында АҚШ Қытайдың Иранмен қарым-қатынасында «өте прагматик» ұстанымда екеніне сенетінін және Пекин Тегеранға материалдық қолдауды шектеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынына сенімді екенін айтты.

Тайвань түйткілі: әр тарап өз пікірінде қалды

Геосаяси мәселелердің көлеңкесінде қалғанына қарамастан, саммит барысында сауда-экономикалық мәселелер басты назарда болды.

Вашингтон Пекин өзінен алдағы үш жылда жылына «ондаған миллиард» доллардың ауылшаруашылық өнімдерін сатып алады деп күтеді. Сондай-ақ, Трамп Fox News арнасына берген сұхбатында Си Цзиньпиннің 200 Boeing ұшағына тапсырыс беруге келіскенін мәлімдеді.

Қытайдың кеден органдары өткен жылғы тариф текетіресі кезінде мерзімі өткен жүздеген америкалық ет өндірушінің экспорттық лицензиясын қайта жаңартты.

Грирдің айтуынша, екі ел үкіметі бұған қоса стратегиялық маңызы жоқ тауарларды қамтитын, құны 30 миллиард доллар болатын «Сауда кеңесін» (Board of Trade) құру туралы ұсынысты талқылап жатыр.

Трамп Пекинге Tesla-ның басшысы Илон Маск, Nvidia басшысы Дженсен Хуанг және Apple жетекшісі Тим Кук сияқты ірі бизнес өкілдерінен тұратын делегациямен бірге барды. Бұл көп жылғы шиеленіс өршігеніне қарамастан, экономикалық байланыстардың маңызды екенін тағы да дәлелдеді.

Алайда, сарапшылардың пікірінше, бұл саммит екі ел арасындағы қарым-қатынастың бітісуден гөрі, бәсекені басқару сипатына көбірек ойысып жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Келіссөздер барысында Си Цзиньпин Трампқа Тайвань мәселесі дұрыс реттелмесе, бұл арал «қақтығыстың, тіпті соғыстың» ошағына айналуы мүмкін екенін ескертті. Сондықтан Пекин Вашингтоннан Тайбэйге қару-жарақ сатуды тоқтатуды және саяси қолдауды шектеуді тағы да талап етті.

Сонымен қатар, экспорттық бақылау, жасанды интеллект, сирек минералдар және Азиядағы әскери ықпалға қатысты даулар әлі де толық шешімін тапқан жоқ.

«Трамп ел ішінде жарнамалай алатындай шамалы ілгерілеушілікке қол жеткізді. Ал Си Цзиньпин Пекинге қажетті тұрақтылықтың негізін қалай отырып, қолында бар ықпал ету тетіктерін сақтап қалды, — деді сарапшы Синглтон. — Екі тарап та қарсылықтың негізгі шарттарын өзгертпестен, қарым-қатынасты осы қалыпта сақтап қалуға тырысып отыр».