13 мамыр күні АҚШ президенті Дональд Трамп Пекинге барды. Әуежайда оны Қытай ресми өкілдері сән-салтанатпен қарсы алды.
Бұл Трамптың Қытайға екінші рет баруы. Ол 2017 жылы АҚШ президенті болып бірінші мерзімге сайланғаннан кейін Қытайда сапармен болған.
Трамппен бірге Қытайға барғандар арасында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, президенттің келіні Лара Трамп, сонымен бірге SpaceX компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Илон Маск, Apple компаниясы басшысы Тим Кук, NVIDIA компаниясы жетекшісі Дженсен Хуанг сынды ірі бизнес өкілдері де жүр. Батыс басылымдары делегация құрамында президенттің зайыбы Мелания Трамп жоқ екенін жазды.
Бейсенбі күні Пекиндегі Халық жиналысы үйінде Қытай президенті Си Цзиньпин Трамппен кездесті.
Осы сапар алдында Трамп Си Цзиньпинге құрмет таныта сөйлеп, сапар екі ел үшін де оң нәтиже береді деп мәлімдеген. Ол АҚШ пен Қытайды екі "супердержава" деп атап, өзара сауда-саттық мәселелері талқыланатынын жеткізген. Сонымен бірге Трамп Иранға қатысты жағдай да сөз болуы мүмкін екенін, Қытай Ормуз бұғазы ашылғанын қалайтынын, бірақ АҚШ-тың бұл мәселеде Пекиннің көмегіне мұқтаж емесін де айтқан еді. Трамп сонымен қатар Пекин билігі Тайваньға америкалық қару-жарақ сату мәселесін көтеруі мүмкін екенін растаған.
Әуелгіде АҚШ президентінің сапары наурызға жоспарланған еді, алайда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы шабуыл бастағаннан кейін кейінге қалған.
Трамптың Қытай сапары 15 мамырға дейін жалғаспақ.