Transparency International халықаралық ұйымының жазуынша, Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде елдің нақты қай орында тұрғаны емес, жиналған балл маңызды саналады: егер көрсеткіш 50 баллдан төмен болса, бұл елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары екенін білдіреді.
Биылғы тізімде Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағында бұл межеден тек Грузия (50 балл) ғана аса алды. 38 балл алған Қазақстанның көрсеткіші кей көрші елдерге қарағанда жоғары болғанымен, аймақтағы және жаһандық орташа деңгейден төмен болып отыр. Қазақстанмен көрші постсоветтік елдер жемқорлық индексі рейтингінде:
- Өзбекстан – 31 балл (124-орын);
- Қырғызстан – 26 балл (142-орын);
- Ресей – 22 балл (157-орын);
- Түрікменстан – 17 балл (167-орын) алған.
CPI авторлары әдетте мемлекеттік сектордағы жемқорлықты талдайды және зерттеушілердің, сарапшылар мен бизнес қауымдастықтың бағалауына сүйенеді. Ал қарапайым азаматтар пікірі ұйым есебіне кірмейді. Жемқорлық критерийлері бойынша 9 дереккөзден алынған ақпарат бойынша рейтинг түзіледі.
Transparency International деректеріне сәйкес, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағының орташа көрсеткіші 34 балл болған. Өңірдегі 19 елдің алтауының көрсеткіші бұрынғыдан төмендеп, тек жетеуі ғана жақсарған. Ұйым мұны жемқорлыққа қарсы реформалардың баяулауымен және мемлекеттік институттардың әлсіздігімен байланыстырады.
Transparency International Kazakhstan ұйымының ұсынысы
Ұйымның өңірлік бөлімі таратқан баспасөз баянында Қырғызстан (26 балл) мен Қазақстан (38 балл) азаматтық қоғамға қатысты заң талаптарын күшейтіп, үкіметтік емес ұйымдардың қызметін шектеуді жалғастырып жатқаны айтылған. Бұған қоса былтыр Қазақстанда коррупциямен күрес қызметін таратып, оның міндеттерін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) беру ашық болмағанына байланысты алаңдаушылық білдірген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Элитааралық тартысты бақылау. Антикорды ҰҚК-ге қосудың астары қандай?Transparency International Kazakhstan ұйымының атқарушы директоры Мұрат Данияр Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі көрсеткіші мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейін де көрсетеді дейді.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы функциялар жабық күштік құрылымдар қолына шоғырланғанда, тәуелсіз бақылау мен есеп беру әлсіреп, жемқорлыққа қарсы саясат науқандық сипатқа айналу қаупі бар. Бұған қоса Қазақстанда азаматтық қоғамға қысым күшейгені байқалады: үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) қызметін реттеуді арттырып, "шетел агенттері" тәсіліне ұқсас нормаларды талқылап жатыр. Бұл қоғамдық ұйымдар жұмысын барған сайын осал етіп, азаматтық кеңістіктің тарылуына әкеп соғуы мүмкін. Қазақстанға "есеп үшін қамаулар" емес, жүйелі реформаларға бағытталған саяси ерік-жігер мен азаматтық кеңістікті қорғау қажет. Атап айтқанда, ҮЕҰ мен журналистерге қысымды тоқтатып, азаматтық қоғамның тәуелсіз қызметін шектеуге бағытталған әрекеттердің алдын алу маңызды. Мұның бәрінсіз сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес", – дейді Transparency International Kazakhstan өкілі.
Transparency International Kazakhstan ұйымы Қазақстан билігіне бірқатар ұсыныс жасады: жемқорлыққа қарсы институционалдық тәуелсіз саясатты қамтамасыз ету; мемлекеттік шешімдер мен квазимемлекеттік сектор қызметінің ашықтығын арттыру; журналистер мен зерттеушілердің қауіпсіздігін қорғау және сөз еркіндігін қамтамасыз ету; азаматтық қоғам ұйымдарының қызметін шектейтін нормалардан бас тарту; қайтарылған активтерді басқару мен пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету.
Ұйым мемлекеттік органдарды, азаматтық қоғамды және халықаралық серіктестерді сыбайлас жемқорлық қауіп-қатерлерін азайту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Биліктің есептілігін қамтамасыз етудің нақты жолдары
Сыбайлас жемқорлықты қабылдаудың әлемдік индексінде Қазақстан балл саны бойынша Колумбия, Доминикан Республикасы, Гамбия, Лесото мен Замбиядан бір саты жоғары, Мальдив, Марокко мен Тунистен бір орын төмен, ал Эфиопия және Суринам елдерімен бір қатарда тұр.
Дания (89 балл), Финляндия (88 балл) мен Сингапур (84 балл) әлем бойынша жемқорлықтан таза елдер ретінде көш бастап тұр. Ал Венесуэла (10 балл), Оңтүстік Судан (9 балл) және Сомали (9 балл) жемқорлық әбден меңдеп алған мемлекеттер саналады.
Жаһандық деңгейде 2025 жылы CPI-дің орташа көрсеткіші 42 баллға тең болды — бұл кейінгі он жылдан астам уақыт ішіндегі ең төмен деңгей.
Transparency International зерттеулері институттар сапасы мен сыбайлас жемқорлықты бақылау арасында тікелей байланыс барын көрсетеді:
- толымды демократиялар – орта есеппен 71 балл,
- кемелденбеген демократиялар – 47 балл,
- авторитар режимдер – 32 балл жиған.
Transparency International ұйымының төрағасы Франсуа Валерианның айтуынша, сыбайлас жемқорлықпен күрес тиімді болуы үшін демократиялық процестер, тәуелсіз бақылау және еркін азаматтық қоғам болуы шарт.
"Сыбайлас жемқорлық – бұл міндетті құбылыс емес. Биліктің есептілігін қамтамасыз етудің нақты жолдары бар – демократиялық институттардан бастап тәуелсіз бақылау мен ашық азаматтық қоғамға дейін", – деді Франсуа Валериан.