Түмен мұнай өңдеу зауытында дрон шабуылынан соң өрт басталды

Түмен мұнай өңдеу зауыты аумағынан көтерілген қою қара түтін. 25 шілде 2026 жыл.

25 шілдеде Ресейдің Түмен қаласындағы мұнай өңдеу зауытында дрон шабуылынан соң өрт басталды.

Шабуыл болғанын Түмен облысының губернаторы Александр Моор растады.

“Жау дронының шабуылы салдарынан Түмен мұнай өңдеу зауыты аумағына ұшқышсыз аппарат құлады. Өрт болды. Оқиға орнында жедел қызмет мамандары істеп жатыр” деп жазды ол Telegram желісінде.

Жергілікті тұрғындар кемінде екі жарылыс дыбысын естігенін және әуе қорғаныс жүйесі іске қосылғанын, кәсіпорын аумағынан қою қара түтін көтерілгенін жазды. Кей ақпаратқа қарағанда, соққылар бірінен кейін бірі жасалған.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, соққыдан кейін Түменде қаланың 440 жылдығын атап өту тоқтатылған. Түмен қаласы әкімшілігінің желідегі ресми аккаунтында қала күнін атап өтуге арналған тікелей эфир де үзілді деп жазды Astra.

Түмен мұнай өңдеу зауыты ("РИ-ИНВЕСТ" бөлімшесі) жылына шамамен 8 млн тонна мұнай өңдейтін Ресейдегі ірі тәуелсіз мұнай өңдеу зауыттарының бірі. Зауыт Еуро-5 стандартына сәйкес дизель, бензин, кокс, битум, мазут өндіреді. Кәсіпорынға бұған дейін де – биыл 20 маусымда және былтыр қазанда дрондар шабуыл жасалған.