Түркімен әйелдерінің тағдыры: өз елінде де, жат жерде де құқығы қорғалмаған

Сарапшылардың айтуынша, түркімен әйелдері елдегі қиын экономикалық жағдайдың салдарынан шетелге жұмыс іздеп баруға мәжбүр.

Түрікменстаннан шыққан мыңдаған әйел Түркияда қарттар мен науқастарға қараушы, бала күтуші және үй қызметкері болып жұмыс істейді. Олардың көбі заңсыз еңбек етеді әрі жылдар бойы отбасын көрмейді. Олар тек шетелде ғана емес, туған елінде де осал жағдайда қалады: әйелдері жоқта күйеулері кейде "екінші әйел" алып, алғашқы жұбайларын солар жіберген ақшаға алынған баспанадан айырады.

"МЕЙІРІМДІ КҮЙЕУІМНЕН ЕШТЕҢЕ ҚАЛМАДЫ"

48 жастағы Насибе өмірінің үштен біріне жуығын шетелде өткізген. Ол Түркияда күтуші және үй қызметкері болып еңбек еткен. Бұл ел Түрікменстан азаматтары, оның ішінде әйелдер үшін еңбек көші-қонының негізгі бағыты болып қала береді. Бұған тілдердің ұқсастығы, мәдени жақындық және бұрын, визалық режим енгізілгенге дейін, елге кірудің салыстырмалы түрде жеңіл болғаны себеп.

Түркіменстанның Лебап уәлаятындағы Фараб қаласының тұрғыны 2009 жылы мектептегі тазалықшы жұмысын тастап шетелге нәпақа табамын деп кеткен. Насибе тапқан ақшасын үйіне – күйеуі мен екі қызына жіберіп отырған.

– Осы он жыл ішінде күйеуім үйімізді күрделі жөндеуден өткізіп, өзіне жаңа көлік алды, – дейді ол.

2019 жылы Насибе денсаулығы сыр беріп еліне оралған. Оның үстіне паспортының да мерзімі таяп қалған. Емделіп, жаңа құжат алғаны сол-ақ екен күйеуі қайтадан Түркияға баруға көндірген.

Күйеуі оған: "Тағы үш-төрт жыл жұмыс істесең, қыздарымыздың оқуына да, саған көлік алуға да жеткілікті ақша жинаймын" деген.

Түркияға екінші сапары коронавирус індетіне тұспа-тұс келіп, локдаун кезінде жұмыссыз қалып қойған.

– Сол кезде күйеуімізбен арада алғаш рет жанжал шықты, – дейді Насибе. – Мен одан жұмыс табылғанша ақша жібере тұруды сұрағанымда, ол: "Түркияда жұмыс көп, тіпті болмай бара жатса, тәніңді сат" деді. Сол сәтте жан-дүнием күйреп жатқандай болды. Кейін ол менімен сөйлеспеу үшін кез келген сылтауды пайдаланды.

Түркіменстанның Мары қаласының тұрғындары азық-дүкенінің алдында кезекте тұр.

2023 жылы Насибе гипертониясына бола шетелде жұмыс істей алмай, еліне оралған. Бірақ үйінде оны ауыр жағдай күтіп тұрған.

– Баяғы мейірімді, сүйікті күйеуімнен ештеңе қалмапты. Есік алдынан қарсы алып: "Қайдан келсең, сонда қайт. Маған сендей ауру әйелдің керегі жоқ" деді. Кейін: "Сегіз жылдан бері сүйетін әйелім бар, оны осы үйге әкелемін. Ертең келіп, заттарыңды және кенже қызыңды алып кет те, үйден жоғал" деп мені қуып шықты, – дейді Насибе.

Осыдан соң ол сатқындыққа ұшырағандай күй кешкен. Болған жайтты ауыр соққы ретінде қабылдаған.

– Үлкен қызым Бұхарадағы институтта екі жылдан бері оқып жүрген, ал кенже қызымның мектеп бітіруіне бір-ақ жыл қалған еді. Дәл осындай қиын сәтте күйеуім мені басқа әйел үшін тастап кетті. Түркияда өткізген 14 жылдық ауыр еңбегім, денсаулығым мен өмірімнің ең жақсы жылдары күлге айналды, – дейді ол.

Жұмыссыз әрі үйсіз қалған Насибе кейінгі үш жылда күннен күнге әрең жетіп жүр. Ол күйеуінің екінші әйел алғанына шағынып, мемлекеттік органдарға жүгінген, бірақ құқықтық көмек ала алмаған.

Түркіменстан заңы көп әйел алуға тыйым салады. Бірақ билік те, қоғам да мұндай заңсыз некелер кең тарағанын жақсы біледі. Неке мемлекеттік мекемеде тіркелмейді: әдетте ер мен әйел шариғат бойынша неке қиып өмір сүре береді.

– Сот пен полицияға барғанымда: "Үй күйеуіңіздің атына рәсімделген. Бұл үйге ақша салғаныңызды дәлелдейтін ресми құжаттарыңыз бар ма? Жоқ! Ол кенже қызыңыз 18 жасқа толғанға дейін төрт ай алимент төледі. Қалғанының бәрі – оның жеке ісі" деді. Мен қызыммен бірге далада қалған кезде ешкім көмектеспеді, – дейді ол.

Қазір Насибеге үлкен қызы көмектесіп жүр. Ол Бұхарада оқу ақысын төлеу үшін екі жұмыста қатар алып жүрген. Қолынан келгенше анасы мен сіңлісіне қолғабыс қылады.

Қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін атамауды өтінген түрікменстандық сарапшының айтуынша, билік әйел-мигранттардың мүліктік құқықтарын қорғауға қауқарсыз.

– Ақшаны банк арқылы жіберу мүмкін емес. Жіберілген күннің өзінде ресми валюта бағамы нарықтағы бағамнан алты есе төмен болады. Сондықтан әйелдер ақшаны бейресми жолмен жібереді де, оны дәлелдейтін құжатсыз қалады. Соның салдарынан өз қаражаты үй құрылысына жұмсалғанын дәлелдей алмайды, – дейді сарапшы.

"БҰДАН ЕШБІР ӘЙЕЛ САҚТАНДЫРЫЛМАҒАН"

Дашоғыздан шыққан 42 жастағы Мухабат Түркияда жүргеніне 14 жылдан асқан. Ол бастапқыда күйеуімен бірге баруды жоспарлағанын, бірақ ақыры жалғыз кеткенін айтады.

– Біз күйеуімнің ата-анасымен бірге тұрдық. Оның үйленбеген інілері бар еді. Сондықтан бөлек шығуымыз керек болды. Түрікменстандағы жалақымен үй алу мүмкін емес. Ұлымызды күйеуімнің ата-анасына қалдырып, бірге жұмысқа кетуді ұйғардық. Бірақ соңғы сәтте күйеуіме елден шығуға тыйым салынды. Сөйтіп кішкентай ұлымды күйеуіме қалдырып, өзім жалғыз кеттім, – дейді ол.

Мухабаттың айтуынша, ол Түркияда тоқыма фабрикасында жұмыс істеген, қарт әйелге күтуші болған. Кейінгі жылдары Стамбулдағы бақуатты бір отбасыға үй қызметкері болып орналасқан. Жұмысты жиі ауыстыруына жұмыс берушілермен туындаған қиындықтар, еңбек жағдайының нашарлығы және заңсыз мәртебесі себеп болған.

– Түркияда жұмыс істеуге рұқсат алу өте қиын, сондықтан заңсыз жұмыс істеуге тура келеді. Басқа елден келген күтушілер мен үй қызметкерлері күніне бірталай сағат тоқтаусыз жұмыс істеп, демалыссыз еңбек етеді. Кейде жалақы кешіккені немесе толық төленбегені үшін жұмыстан кеткім келетінін айтсам, жұмыс берушілер полиция шақырып, депортациялаймыз деп қорқытатын. Құдайға шүкір, кейінгі бірнеше жылда жақсы отбасында жұмыс істеп жүрмін, – дейді ол.

Түркияда заңсыз тұрып жатқан Түрікменстан азаматтарының нақты саны белгісіз. Олар ондаған, тіпті жүздеген мың болуы мүмкін. Бұл адамдардың ұсталып, елге депортациялану қаупі жоғары. Түркияның көші-қон басқармасының мәліметінше, 2025 жылы елде Түрікменстаннан келген 11 мыңға жуық заңсыз мигрант ұсталған, ал 2026 жылдың алғашқы жартысында олардың саны 5 мыңнан асқан. Түрікменстан азаматтары ұсталғандар саны бойынша төртінші орында тұр.

Мухабат тапқан табысының басым бөлігін Түрікменстанға жіберіп отырған. Оның айтуынша, күйеуі соның арқасында пәтер сатып алған.

– Күйеуім жоспарлағанымыздың көбін сатып алды. Ауыр жағдайда жұмыс істеп, қорлық көру маған оңай болған жоқ. Бірақ енді өз үйіміз бар. Ең қиыны жұмыс емес, жұмыс берушілердің қорлауы да емес, отбасымнан, жалғыз баламнан жырақ жүру болды. Осы уақыт ішінде күйеуім мен ұлымды бір рет те көрген жоқпын. Билік олардың маған келуіне рұқсат бермеді. Тек телефонмен сөйлесіп, бейнеқоңырау арқылы ғана көреміз. Балаңды сонша жыл көрмеу өте ауыр. Ұлым қазір ер жетті. Үнемі: "Анашым, қашан үйге қайтасың?" деп сұрайды. Мен: "Тағы аздап шыда" деп жауап беремін, – дейді ол.

Мухабат Түркиядағы көптеген жерлестерінің тағдырын көріп, өзі де бір күні үйіне оралғанда күйеуінің басқа әйелі бар екенін естіп қаламын ба деп қорқатынын жасырмайды.

– Телефонмен сөйлескен сайын күйеуім мені жұбатып, үйге оралуымды күтіп жүргенін айтады. Бірақ Түркияда қаншама әйелдің ауыр жағдайда жұмыс істеп, ақша жіберіп жүріп, кейін елге барғанда күйеуінің басқа отбасы бар екенін білгенін көрдім. Бұдан ешбір әйел сақтандырылмаған, – дейді ол.

"ЖЫЛДАР БОЙЫ ҚҰҚЫҚСЫЗ ӨМІР СҮРІП, ТАПҚАН ТАБЫСЫНЫҢ БӘРІН ТҮРІКМЕНСТАНҒА ЖІБЕРЕДІ"

Қазір Канадада тұратын, бұған дейін 14 жыл Түркияда өмір сүріп, түрікмен мигранттарының құқықтарын қорғаумен айналысқан түркімен азаматтық белсендісі әрі блогер Дурсолтан Тағанова жерлес әйелдердің көптеген тағдырын білетінін айтады.

– Оқырмандарымның көбі – әйелдер. Сондықтан олардың мәселесін жақсы білемін. Түркиядағы көптеген түркімен әйеліне әлі күнге дейін көмектесіп келемін. Үйіне 18, тіпті 20 жылдан бері бармаған әйелдерді білемін. Олар әлі күнге дейін жұмыс істеп, ақша жіберіп отыр. Түркияда қартайды десем болады. Жас кезінде кеткен, содан бері шетелде. Кейбірінің балалары осы аралықта үйленіп, әскерге барып, өздері бала сүйді. Ал аналары әлі күнге дейін күйеуін, балаларын, немерелерін асырап жүр, – дейді Тағанова.

Ол бірнеше жыл миынан ісік анықталған жерлесін мысал етеді. Түркияда заңсыз жүргендіктен, уақтылы ем ала алмаған. Дәрігерлер ісік ота жасауға келмейді деген, кейін метастаз басталған.

– Оның көрген күні азапқа толы. Ең ауыры – ол кез келген сәтті өліп қалуы мүмкін болса да, үй қызметкері ретіндегі жұмысын жалғастырып, әлі де Түркіменстандағы балаларына ақша жіберіп отыр, – дейді Тағанова.

Тағанованың айтуынша, Түркиядағы түркімен әйел-мигранттардың ауыр жағдайы олардың психологиялық денсаулығына да қатты әсер етеді. Көпшілігі созылмалы күйзеліс, үрей және депрессиямен өмір сүреді.

– Көптеген күтуші Альцгеймер дертіне, қатерлі ісікке, шизофренияға шалдыққан адамдарға қарайды. Кейде ондай науқастар өз әрекетін түсінбей, күтушілерге шабуыл жасаған жағдайлар да болған, – дейді Дурсолтан Тағанова.

Оның айтуынша, заңсыз мигранттардың еңбек құқығы туралы сөз қозғаудың өзі қиын. Олар үзіліссіз, еңбек демалысынсыз еңбек етуге мәжбүр. Тіпті ауырған кезде де жұмысын тоқтата алмайды.

– Түркияда заңсыз мигранттарға қарсы рейд күн сайын өтеді. Полиция барлық жерде жүреді. Көптеген түркімен әйелі заңсыз жүргендіктен, көшеге шығудан қорқады. Олар тәулігіне 24 сағат бойы төрт қабырғаның ішінде ауыр науқастармен бірге болады. Немесе бала күтуші болып жалданса да, кейін оларды үй жинап, тамақ істеуге мәжбүрлейді. Олар жылдар бойы құқықсыз жағдайда өмір сүріп, тапқан табысының бәрін Түрікменстанға жібереді. Осындай жағдайда олардың психологиялық күйін елестетіп көріңізші. Көпшілігі ауыр күйзеліске ұшыраған, сөйлесе қалсаң, бірден көз жасына ерік береді, – дейді белсенді.

"МЕМЛЕКЕТТІК МӘСЕЛЕГЕ КӨЗ ЖҰМА ҚАРАУЫ"

Францияда тұратын түркімен құқық қорғаушысы, "Даянч" азаматтық қозғалысының негізін қалаушы Диана Дадашева ширек ғасыр бұрын Түркияға барған түркімен әйелдеріне қоғам теріс қарағанын айтады. Алайда кейін елдегі күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдай мен жұмыссыздықтың салдарынан еңбек көші-қоны қалыпты құбылысқа айналған.

– Қазір бұл қалыпты жағдай болып қалған: ерлер үйде, әйелдер жұмыс іздеп кетеді. Анасының баланы тастап кеткеніне де жұрт бой үйреткен, айыптамайды. Мемлекет көші-қон ағынын азайтуға да, балалардың ана қамқорлығынсыз қалмауына да ешқандай шара қабылдап отырған жоқ, – дейді құқық қорғаушы.

Оның айтуынша, еңбек миграциясынан кейін еліне оралып, өз отбасына қажетсіз болып қалған әйелдер жалғыз қалады.

Мемлекет олардың жағдайын жақсартуға асықпайды. Ал олардың жіберген қаражаты тек отбасыларына ғана емес, тұтас ел экономикасына көмек болып отыр. Уақытша баспаналар да, әлеуметтік қолдау тетіктері де жоқ. Түрікмен әйелдері шетелде ғана емес, өз елінде де қорғалмаған.

– Мигрант әйелдердің күйеулерінің басқа отбасы құруы тек экономикалық дағдарыс пен еңбек көші-қонының салдары емес. Бұл – әйелдер құқығының тиімді қорғалмауы мен ер адамдарға ешқандай салдарсыз өмір сүруге мүмкіндік беретін патриархалдық жүйенің нәтижесі. Түрікменстанның құқықтық институттары тәуелсіз емес, толықтай биліктің бақылауында. Сондықтан мұндай мәселелерді ашық мойындап, шешудің орнына, оларды жеке оқиға ретінде көрсетуге немесе халықаралық назардан тыс қалдыру үшін мүлде жарияламауға тырысады. Бірақ біздің тәжірибеміз көрсеткендей, жылдар бойы шетелде еңбек етіп, отбасына ақша жібергеннен кейін елге оралып, баспанасыз, қаражатсыз әрі қолдаусыз қалған әйелдердің тағдыры сирек кездесетін жағдай емес, – дейді Дадашева.

Құқық қорғаушының айтуынша, баспанасыз әрі қаражатсыз қалған мигрант әйелдер өз құқықтарын қорғай алмайды.

– Көптеген отбасында мүліктік қатынастар тек сенімге негізделеді, құқықтық кепілдік жасалмайды. Соның салдарынан әйелдер елге оралған соң өздері тапқан қаражатқа алынған мүліктен айырылып, сот арқылы әділдікке қол жеткізу мүмкіндігінен айырылады, – дейді Диана Дадашева.

Ашғабат жаппай еңбек көші-қонын мойындамайды (ел билігінің ресми ұстанымы бойынша, Түркіменстан "қарыштап дамып жатыр"), бірақ бұл ағынды шектегісі келеді. 2022 жылы Түрікменстан билігі Түркия үкіметінен түркімен азаматтарына визалық режим енгізуді сұрады. Анкара бұл өтінішті қолдады. Бұған дейін Түрікменстан азаматтары Түркияда 30 күнге дейін визасыз жүре алатын, сол себепті Түркия еңбек көші-қоны үшін ең танымал елдердің бірі болған. Қазір елге тек виза арқылы кіруге болады, ал оны алу барған сайын қиындап келеді.

– Біз Түрікменстан билігі жаппай еңбек көші-қонының бар екенін және әйел-мигранттардың ерекше осал топ екенін мойындауы керек деп санаймыз, – дейді Диана Дадашева. – Ел ішінде де, шетелдегі дипломатиялық өкілдіктер арқылы да, әсіресе Түркияда тұратын түркімен әйелдерін қорғаудың мемлекеттік тетіктерін әзірлеу қажет. Ол үшін дағдарыс орталықтарын ашу, психологиялық, құқықтық және қаржылық көмек көрсету, қауіпсіз сенім желілерін іске қосу, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, экономикалық қысымнан және қанаудың басқа түрлерінен қорғаудың тиімді механизмдерін қалыптастыру маңызды.