Түркіменстанның Мары облысында әйелдер наразылық өткізді

Түркіменстанда Мары облысының орталығы Мары қаласында жүздеген адам электрмен қамтамасыз ету мәселесін шешуді талап етіп, әкімшілікке барған. Бұл жөнінде Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады. Наразылардың басым бөлігі әйелдер болған. Олар облыс басшысының шығуын талап еткен.

Олардың сөзінше, елді мекендерде жарық бірде бар, бірде жоқ. Трансформаторлар ескірген – қайта-қайта бұзыла береді.

Билік жиналғандарды таратуға тырысқан. Азатлык сөйлескен куәгерлердің сөзінше, оқиға орнына полиция шақырылған. Олар жиналғандарды таратуға тырысқанмен халық бас тартқан.

Ақпаратқа қарағанда, осыдан кейін олардың алдына облыс басшысы шыққан. Оның маңын күзет қызметкерлері қоршап тұрған. Ол мәселені дүйсенбіге дейін шешуге уәде берген.

"Егер мәселені шеше алмасаңыз немесе оны президентке жеткізе алмасаңыз, онда бізді кіргізіп, президентпен тікелей эфирге қосыңыз. Біз оған күн сайын кездесетін қиындықтар туралы айтып береміз" деді наразылар.

Бұдан соң Мары облысының басшысы мәселені сенбіге дейін шешуге уәде берген. Тек осыдан кейін топ тараған.