15 қаңтардың кешінде Түркістан облысы Төлеби ауданы Көксәйек ауылында тұратын Бағдат Тоғыспаевты жергілікті полицейлер күштеп ұстап әкетіп, сол күні аудандық сот оны бес күнге қамау туралы қаулы шығарған. Оған белсендінің былтыр қазанда салынған айыппұлды төлемегені себеп болған. Тоғыспаев өзін "Атажұрт" мүшесі деп таныстырады.
Туыстары жіберген видеода қас қарайған мезгілде полиция өкілдері Тоғыспаевты күштеп қызметтік көлікке отырғызбақ болғаны, оның әйелі мен әке-шешесі жанында шырылдап жүргені байқалады.
Тоғыспаевтың әйелі Ақбота Сейдалиеваның сөзінше, полиция ұстауға қаулысы барын айтқан, бірақ оны көрсетпеген. Оқиға кешкі 18:30 шамасында болған.
– "Бағдат" деген дауыстарын ести сала қолымдағы заттарды тастап жүгіріп шықтым. Сөйтсем күйеуімді сүйреп әкетіп бара жатыр екен. "Қаулымыз бар" дейді, бірақ оны көрсетпеді. Қолымызға ешқандай қағаз ұстатқан жоқ. Телефонға түсіріп алайын дегенімде "түсірмеңіз" деді. Телефонды қолымнан тартып алмақ болды, – деді Азаттыққа Сейдалиева.
Оның сөзінше, полицейлер Тоғыспаевты Леңгірдегі полиция бөліміне алып баратынын айтқан. Бірақ Сейдалиева күйеуін іздеп сол бөлімге барғанда оны басқа жаққа әкеткені белгілі болған.
– Олардан 10-15 минуттан кейін барсам, онда жоқ екен. Алдында екі сағат күттім. "Әне келе жатыр, міне келе жатыр" деп мені алдады. Екі сағаттан кейін "Түркістанға алып кетті, қайта беріңдер" деді. "Мақұл" деп қайтсақ, Түркістанға алып кетпеген екен. 22:30 шамасында күйеуім солардың телефонымен хабарласып, Сарыағашқа алып бара жатыр деп жылы киімін әкеліп беруді сұрады. Жеңіл киіммен, аяқ-киімсіз алып кеткен, – деді белсендінің әйелі Сарыағашқа жол жүруге қамданып жатқанын айтып.
Сейдалиева ұстауды күйеуінің әлеуметтік желідегі жазбасымен байланыстырады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ HRW Қазақстан билігін "Атажұрт" белсенділеріне тағылған айыпты алып тастауға үндеді"АТАЖҰРТ" МҮШЕЛЕРІНІҢ АКЦИЯСЫ
9 қаңтарда Бағдат Тоғыспаев Facebook-те "Трамп, Қазақстанға назар сал" деген жазуы бар плакатты ұстап түскен суретін жариялаған. Осылайша ол қамауда отырған "Атажұрт" белсенділерін босатуды талап еткен акцияға қосылған.
Былтыр қарашада полиция Алматы облысында "Атажұрт" қозғалысына қатысы бар 19 белсендіні ұстаған. Кейін олардың үстінен қылмыстық кодекстің 174-бабы (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) бойынша іс қозғалғаны мәлім болды. Олар соның алдында Қытайда қудаланып отыр деген қазақтар мәселесіне назар аудару үшін акция өткізіп, Қытай туын өртеген.
10 қаңтар күні таңертең Бағдат Тоғыспаевтың үйіне полицейлер келіп, жазбаны өшіруді талап еткен. Талап орындалмағаннан кейін полицейлер қайта айналып келіп, Тоғыспаев үйде жоқ кезде әйеліне шақырту қалдырып кеткен. Түбіртекте белсендінің әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 489-бабы (тіркелмеген қоғамдық бірлестік қызметіне араласу) бойынша полиция бөліміне шақыртылғаны жазылған. Оны сол күнге шақырған.
Сейдалиеваның айтуынша, күйеуі күнде таңертең жұмысқа кетіп, полиция бөліміне бара алмаған.
– Көксәйек ауылының полицейлері күнде таңертең және кешке келіп жүрді. Мен оларға "келе бермеңіздер, күйеуім өзі барып жолығады, қашып жүрген ешкім жоқ" деп айттым, – дейді белсендінің әйелі.
Азаттық істің мән-жайын анықтау үшін Түркістан облысындағы Төлеби және Сарыағаш аудандарының полиция бөлімдеріне қоңырау шалып көрді. Бірақ хабар ала алмады. Кейінірек Түркістан облысы полиция басқармасы белсенді жөніндегі ақпаратты Төлеби ауданының әкімшілік сотынан сұрау қажетін айтты.
Сот кабинетіндегі қаулыға қарағанда, ауданды әкімшілік сот сол күні-ақ отырыс өткізіп, Тоғыспаевты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабы (Сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау) 1-тармағы бойынша кінәлі деп тауып, бес күнге қамауға алу туралы шешім шығарған. Бұған белсендінің былтыр полиция салған айыппұлды төлемегені түрткі болған. Құжатта 2025 жылғы 2 қазанда Төлеби ауданының полициясы оған әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 489-бабы бойынша 196 600 теңге айыппұл салғаны жазылған. Тоғыспаевтың өзі Азаттыққа бұған дейін берген сұхбатында сол кезде қамауда отырған журналист Думан Мұхамедкәрім мен белсенді Марат Жыланбаевты қолдайтын видео жариялап, онда өзін "Атажұрт" мүшесі деп таныстырғанын айтады.
Your browser doesn’t support HTML5
Қытай туын өртеген белсенділер, ұшақ апатының есебі — 26.12.2025
14 қаңтар күні Халықаралық Human Rights Watch ұйымы Қазақстан билігін Қытай билігінің Шыңжаңдағы қиянаттарына бейбіт түрде қарсылық білдірген 18 қазақстандық белсендіге (айыптау актісіне қарағанда олардың саны 19 - ред.) тағылған айыпты алып тастауға үндеді. Құқық қорғау ұйымы өз үндеуінде "Нағыз Атажұрт" еріктілер тобы мүшелері пікір айту еркіндігі құқығын жүзеге асырғаны үшін 10 жыл түрмеге кесілуі мүмкін екенін жазды.
"Атажұрт" қозғалысы 2010 жылдардың аяғында Қытайдың Шыңжаң өлкесінде түркітілдес мұсылман халықтары қысым көріп жатқаны белгілі болғанда пайда болған. Қозғалыс мүшелері туыстары Қытайда қамауға алынған азаматтарға құқықтық қолдау көрсетіп, оларды босату жөнінде науқан бастаған. Кейін ішкі келіспеушілікке байланысты ұйым екіге бөлініп, белсенді Серікжан Біләш бастаған топ өздерін "Нағыз Атажұрт" деп атады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шыңжаңдағы қазақтардың мәселесін қозғап жүрген "Атажұрт" партияға айнала ма?2019 жылы Біләшқа қарсы "әлеуметтік алауыздық қоздыру" және "өзінше билік ету" баптары бойынша іс қозғалған. Сотта процестік келісімге келіп, оған 7 жыл қоғамдық ұйымға жетекшілік етуге тыйым салынды. 2021 жылы белсенді Стамбұлға кетті. Сол кезде Алматы қаласы Алатау аудандық пробациялық бақылау қызметі Серікжан Біләшұлын ескертусіз шетелге кетті деп, іздеу жариялау үшін сотқа өтініш түсірді. Бірақ сот ол өтінішті қанағаттандырған жоқ. Қазір ол АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұрады.
Қазақстанда "Атажұрт" белсенділері саяси партия құруға да талпынған. Бірақ әділет министрлігі бастамашыл топтың ұсынған тізімі "Саяси партиялар туралы заңның" 8-бабындағы талаптарға сай емес деп, тіркеуден бас тартқан.
* Ескерту: Бұл хабар күн барысында толықтырылды. Оған Түркістан облысы полиция басқармасының Төлеби аудандық әкімшілік сотқа сілтегені, аудандық сот Тоғыспаевты бес күнге қамау туралы шешім шығарғаны қосылған.