Түркістандағы саммит: Тоқаев түркі мемлекеттерінің ауызбірлігі туралы айтты

Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысушылар. Түркістан, 15 мамыр 2026 жыл.

15 мамырда Түркістанда өткен түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөз сөйлеген Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “аса күрделі халықаралық геосаяси ахуал” кезеңінде түркі мемлекеттерінің бірлігі маңызды екенін атап өтті.

“Мұның бәрі әлем экономикасына кері әсер етіп жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Таяу Шығыстағы жағдайдың салдарын көршілес аймақ елдері де сезіне бастады. Осындай алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы – өте маңызды. Себебі халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар. Қазіргі таңда түркі елдері заман талабын ескеріп, экономика және инвестиция саласындағы ықпалдастықты нығайтуы керек, ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс деп санаймын” деді Қазақстан басшысы.

Биылғы бейресми саммиттің тақырыбы – жасанды интеллект және цифрлық даму мәселелері. Саммитке Қазақстаннан бөлек, Түркия басшысы Режеп Ердоған, Әзербайжан басшысы Илхам Әлиев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров қатысты.

Былтыр Габаладағы ресми саммитте аймақтағы қауіпсіздік мәселесі сөз болып, Әзербайжан президенті Илхам Әлиев ұйым елдері әскери жаттығу ұйымдастыруды ұсынған. Ал 2024 жылы Бішкектегі саммитте Түркия президенті Режеп Ердоған ұйымға мүше елдерге ортақ әліпби бекітуді ұсынған. Бірақ бұл екі ұсыныс та әлі жүзеге аспады. Жалпы ұйым ресми және бейресми саммит өткізіп тұрады.

“Түркі мемлекеттері ұйымына” Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мүше. Қазір Түркіменстан, Венгрия және мойындалмаған Солтүстік Кипр бақылаушы рөлінде. Ұйымның өз ішінде бірнеше құрылым бар.

2009 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі деп құрылған ұйымның алғашқы саммиті 2011 жылы қазанда Алматыда өткен. Алғашқы саммитке Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан қатысқан еді. Елдер экономика, туризм, мәдениет, көлік, білім саласында қарым-қатынасты дамытуды ойластырған. Кейін 2021 жылы кеңес «Түркі мемлекеттері ұйымына» айналды.