Түркия парламенті 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салатын заң жобасын қабылдады. Желі қолданушыларының жасын тексеруге қызмет көрсететін компаниялар жауапты. Бұл жөнінде Anadolu жазды.
Құжатқа қарағанда, желі провайдері қолданушының жасын верификациялау сияқты тиісті шараларды қабылдауға міндетті. Қызмет көрсететін компаниялар өздерінің веб-ресурстарында Түркия азаматтарына қатысты ережелерді жариялауы керек.
Бұған қоса, парламент ата-ана бақылауын күшейтетін заңнаманы қабылдады. Құжат тіркеу параметрлерін орнату, ақылы транзакциялар, арнаға жазылым сияқты интернеттегі түрлі операцияларды қамтиды.
Жаңа өзгерістер YouTube, TikTok, Facebook және Instagram сияқты ресурстарға қатысты. Аталған платформа иелері 15 жасқа дейінгі жасөспірімдердің аккаунт ашу процесін өздері бұғаттауы тиіс. Үйтпеген жағдайда түрік билігі санкция қолданады: айыппұл немесе интернет-арнаның өткізу қабілетін төмендету және өзге де шаралар қолдануы мүмкін.
Бұған дейін Түркияның әділет министрі Акын Гюрлек үкімет балаларға желіні қолдануға тыйым салатын заң жобасын әзірлегенін хабарлаған. Шенеуніктің сөзінше, бұған қоса, азаматтарды тіркеген кезде верификация міндетті екені туралы танымал ресурстармен келісім жасалған.
Заң жобасы күшіне енуі үшін енді құжатқа президент Режеп Ердоған қол қоюы керек.
Мұндай құжат Кахраманмараш қаласындағы мектептердің бірінде 14 жастағы жасөспірім 9 оқушы мен мұғалімді атқаннан кейін қабылданып отыр. Қайғылы оқиғаға қатысты пікірін айтқан президент цифрлық қосымшалар балалардың ақыл-ойын бұзады, ал желілер қоқыс шұңқырына айналды деп айтқан.