Түркияда лицейде болған атыстан 20 шақты адам жараланды

Қарулы шабуыл жасалған лицейдің алдында тұрған полиция. Сиверек, Түркия, 14 сәуір, 2026 жыл.

14 сәуірде Түркияның оңтүстік-шығысындағы Сиверек қаласында кәсіптік-техникалық лицейге жасалған қарулы шабуыл салдарынан кемінде 20-ға жуық адам жараланды, көпшілігі – оқушылар. Бұл туралы түрік басылымдары мен халықаралық агенттіктер хабарлады.

Түркия билігінің мәліметінше, шабуылға осы оқу орнының бұрынғы студенті күдікті саналады. Хабарларға қарағанда, күдікті алдымен ішкі аулада ұңғысы ұзын қарудан оқ атып, содан кейін ғимаратқа кіріп, бей-берекет оқ жаудырған.

Оқиға орнынан түсірілген видеоларда үрейленген оқушылар ғимараттан жаппай қашып шыққаны, кейбірі терезеден секіріп құтылуға тырысқаны көрінеді.

Полиция ғимаратты қоршауға алғаннан кейін күдікті өз-өзіне қол жұмсап, оқиға орнында қаза тапты, деген ақпарат тарады.

Ресми дерек бойынша, жараланғандар арасында 10 оқушы, 4 мұғалім, мектеп асханасының бір қызметкері және бір полиция өкілі бар. Зардап шеккендердің көпшілігі Сиверек ауруханасына түскен, жағдайы ауыр бес адам Шанлыурфа қаласындағы ірі медициналық орталықтарға жеткізілген. Шабуылдан қаза тапқандар туралы дерек түспеген.

Шабуылға не себеп болғаны әзірге белгісіз. Полиция оқиғаны жан-жақты тексеру басталғанын хабарлады.

Кейінгі айларда Түркияда бірнеше қарулы шабуыл тіркелген. Бұған дейін Стамбұлдың бір ауданында Қазақстан азаматы атып өлтірілген, сондай-ақ Израильдің дипломатиялық өкілдігі маңындағы атыста да адам шығыны болған еді.