Түркияның басқарушы партиясы: Ресей бақылаушыға қойылатын талаптарға сай емес

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер. Анкара,

Түркияның биліктегі Әділет және даму партиясы (AK Parti) Ресей Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) бақылаушы талаптарына сәйкес келмейді деп есептейді. Бұл туралы Anadolu агенттігіне партия төрағасының орынбасары, түркі елдерімен байланыс мәселесіне жетекшілік ететін Күршад Зорлу мәлімдеді.

Зорлу ұйымға жаңа мүшелерді қабылдау мәселесін «аса нәзік әрі маңызды» деп атап, ТМҰ жарғысында белгіленген талаптарды еске салды. Оған сәйкес, бақылаушы мәртебесін алу үшін ел аумағында түркі немесе туыстас тілдердің бірі мемлекеттік не ресми тіл болуы керек. Бұл мәртебе елдің жекелеген аймағында ғана емес, бүкіл аумағында қолданылуы тиіс.

Сондықтан осы талапқа сай келмейтін мемлекеттер үшін ұйыммен ынтымақтастықтың басқа форматы — «ТМҰ+» қарастырылған деді Зорлу.

Бұл формат үшінші елдермен икемді әріптестік орнатуды көздейді. Оның айтуынша, сыртқы істер министрлері немесе мемлекет басшылары қатысатын жоғары деңгейдегі кездесулерді ұйымға мүше елдердің бәрі ортақ шешім қабылдаған жағдайда өткізуге болады. Зорлу Ресейдің ықтимал өтінішін ТМҰ-ның стратегиялық мақсаттары мен түркі әлемінің ортақ мүдделерін ескере отырып қарастыру қажет екенін айтты.

Одан бөлек, Зорлу Ресей аймақтарымен мәдени ынтымақтастықты Түркі мәдениеті халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) аясында қайта жандандыруды ұсынды. Қазір бұл ұйымның бақылаушы мүшелері қатарында Алтай, Тыва, Чувашия, Башқұртстан, Якутия және Татарстан бар.

Зорлудың айтуынша, 2015 жылы Ресей билігінің шешімінен кейін аталған аймақтардың ТҮРКСОЙ-мен ынтымақтастығы іс жүзінде тоқтап қалған. Содан бері өзара кездесулер мен іс-шаралар өткізілмеген. Ол осы жағдайды қайта қарап, мәдени байланыстарды қалпына келтіруді ұсынды.

30 қазанда Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейді «ТМҰ+» форматына шақыруды немесе ұйымға бақылаушы мәртебесін беруді ұсынған еді. Оның айтуынша, Мәскеудің түркі әлемімен тарихи байланысы бар және Ресейдің қатысуы ұйымға мүше елдердің бәріне пайдалы болмақ.

  • 30 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейді Түркі мемлекеттері ұйымына тартуды ұсынған. Атап айтқанда, ТМҰ+ форматына қатысуға шақыруды немесе ұйым жанынан бақылаушы мәртебесін беруді ұсынған еді. Оның айтуынша, Мәскеудің түркі әлемімен тарихи байланысы бар және Ресейдің ұйым жұмысына қатысуы "барлық мүше мемлекетке пайдалы" болмақ.
  • 2 қарашада Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресейдің ұйымның жұмысына араласуы «түсінікті әрі орынды» болады деп бағалады. Алайда оның айтуынша, Мәскеуге әзірге ресми шақыру түспеген.
  • Түркі мемлекеттері ұйымына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркия мүше. Ал Түркіменстан, Венгрия және халықаралық деңгейде мойындалмаған Солтүстік Кипр Түрік Республикасы бақылаушы мәртебесіне ие.
  • Ресей бұған дейін де ұйымға қосылуға қызығушылық танытқан. 2016 жылы шілдеде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеу түркітілді мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесіне (кейін Түркі мемлекеттері ұйымы болып қайта құрылған) қосылу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін мәлімдеген. Алайда ол үшін ұйым түркітілді халық ел халқының басым бөлігін құрамайтын мемлекеттердің де қатысуына мүмкіндік беретін ережелерді өзгертуі керек екенін айтқан.
  • Ресейде 11 млн-нан астам түркі халықтарының өкілі тұрады. Бұл ел халқының – шамамен 11–13 пайызы. Түркі халықтарының басым бөлігі Татарстан, Башқұртстан, Чувашия, Якутия, Тыва және Алтай сияқты ұлттық республикалар мен автономиялық аймақтарда шоғырланған.