Тууды шектеу, әлеуметтік теңсіздік және тіл. БҰҰ комитеті қарақалпақтардың кемсітілетінін айтады

БҰҰ Нәсілдік кемсітушілікті жою комитеті жиынындағы Өзбекстан делегациясы. 24 сәуір, 2026 жыл.

БҰҰ Нәсілдік кемсітушілікті жою комитеті Өзбекстанда аз ұлттардың құқықтарын қорғайтын арнайы заңның жоқтығына, әлеуметтік теңсіздікке және қарақалпақтардың мәдени мұрасына алаңдайды. Бұл жөнінде комитет төрағасының орынбасары Стаматиа Ставринаки Женевада өткен арнайы жиында мәлімдеді.

Жиында Өзбекстан делегациясы өз еліндегі нәсілдік кемсітушілік бойынша баяндама жасады. Оның бір бөлігі Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан автономиясына арналды. 2022 жылы қантөгіске ұласқан Нөкіс оқиғасынан бері құқық қорғаушылар қарақалпақ ұлтының өкілдері көп тұратын автономиялық аймақта адам құқықтары ахуалы нашарлағанын айтып келеді.

Ставринакидің айтуынша, Өзбекстан заңдары "экстремизм" бабына тым кең анықтама береді, соның салдарынан бейбіт түрде пікірін білдіргендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады, бұл аз ұлт өкілдеріне ерекше қысым түсіреді. "Бұған қоса, бақылау, қара тізімге алу, идеологиялық қауіп болуы мүмкін деген себеппен ұстау сияқты әрекеттер стигмалау мен сенімсіздік тудыруға алып келеді", - деді Ставринаки.

Оның айтуынша, Өзбекстанда азаматтардың ісі сотта әділ қаралатынына кепілдік аз болғандықтан, әсіресе аз ұлт өкілдері жапа шегеді.

БҰҰ комитетінің өкілдері әсіресе ауыр баптармен 16 жылға сотталған журналист әрі белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратовтың ахуалына назар аударды.

Өзбекстан делегациясының өкілі, елдің ішкі істер министрінің орынбасары Рамазон Ашроповтың айтуынша, елде құқық бұзушылықты тіркеу және бақылау этностық негізде емес, жалпы азаматтық негізде жүргізіледі, барлық азаматтардың құқығы бірдей.

Стаматиа Ставринакидің айтуынша, Қарақалпақстанда жер-су, көше аттарының өзгертілуі "қарақалпақтардың мәдени мұрасын сақтауға кесірін тигізуі мүмкін".

Оның үстіне Қарақалпақстан аумағында өзбек тілімен қатар қарақалпақ тілі де ресми тіл болып танылғанымен, ресми құжаттар мен әкімшілік процедуралар көбіне өзбек тілінде жасалатыны алаңдатады деді ол.

Өзбек делегациясының өкілі құжаттар екі тілде де жасалатынын, тіл бойынша ешқандай кемсіту жоқ екенін, қарақалпақтардың тарихи мұрасын сақтауға күш салып жатқанын айтты.

Нәсілдік кемсітушіліктің барлық формасын жою жөніндегі конвенция талаптарын орындау жөніндегі Өзбекстанның есебін таныстыруға осы елдің ішкі істер министрінің орынбасары Рамазон Ашропов, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық орталық директорының орынбасары Дильноза Мұратова, Өзбекстан сенатының депутаты, Жоғарғы сот мүшесі сияқты лауазымды тұлғалар қатысты.

Стаматиа Ставринакидің айтуынша, БҰҰ-ның Нәсілдік кемсітушілікті жою комитеті елдегі аз ұлттар әйелдерінің бала тууына шектеу қою әрекеті туралы ақпарат алған. Медицина қызметкерлері "екі баладан артық тумау деген жазылмаған ережені жүзеге асыру үшін" қарақалпақтардың үйлерін аралайды деді БҰҰ өкілі.

Өзбек делегациясы елде көп бала тууға шектеу жоқ екенін айтып, БҰҰ өкілінің сөзін жоққа шығарды.

Сарапшылар Қарақалпақстан - Өзбекстандағы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім ең төмен аймақ екенін, қарақалпақтар арасында бала өлімі, жұмыссыздық сияқты көрсеткіштер жоғары екенін айтты.

"Өзбекстанның жаңа Конституциясында "біртұтас Өзбекстан халқы" деген термин қолданылады, ал қосымша қолдау қажет ететін топтар кедейлік, жұмыссыздық, аймақтардағы қызмет түрлерінің қолжетімділігі сияқты әлеуметтік-экономикалық және географиялық критерийлер арқылы анықталады. Бұл әдіс ресми түрде азшылық реестрін әзірлеместен, ресурстарды бөлуге мүмкіндік береді", - деді Дильноза Мұратова. Өзбек делегациясы Қарақалпақстанды дамыту үшін бағдарламалар жасап жатқанын атап өтті.

Қарақалпақстан - Өзбекстанның құрамындағы автономия мәртебесі бар республика. Ресми мәлімет бойынша, онда 2 миллиондай адам тұрады, соның 40 пайыздайы (800 мыңға жуық адам) - қарақалпақ. 2022 жылы Өзбекстан билігі Конституцияны өзгертіп, ондағы Қарақалпақстанның автономия мәртебесін алып тастамақ болғанда, аймақта үлкен наразылық болып, ресми мәлімет бойынша 16 адам қаза тапқан. Бұдан кейін қарақалпақ белсенділерін қудалау басталып, мұны халықаралық құқық қорғау ұйымдары сынға алған.