Уиткофф пен Кушнер Мәскеуге 5-6 қыркүйекте баруы мүмкін

Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер

АҚШ президентінің арнайы уәкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер 5 және 6 қыркүйекте Мәскеу мен Киевке барады деп жазды ТАСС және Kyiv Independent. Мұны сонымен бірге Украина Жоғарғы радасының депутаты Алексей Гончаренко да айтты. Америкалық делегацияның сапары әзірге, ресми түрде расталған жоқ.

Гончаренконың сөзінше, алдын ала жоспарға сәйкес, сенбі күні Америка уәкілдері әуелі Мәскеуге баруы керек, ал жексенбі күні Киевте болады. Депутаттың сөзінше, делегация Украина астанасына ұшақпен ұшып келеді және бұдан Ресей жағы хабардар.

Kyiv Independent дереккөзінің айтуынша, жоспарға тағы өзгеріс енгізілуі мүмкін. Басылым дереккөзінің айтуынша, Ресей жағының мұндай сапар қауіпті болуы мүмкін екендігі жөнінде ескертуінен кейін Уиткофф Киевке барудан қорыққан.

Гончаренко 4 қыркүйекте Киевтің Жулян әуежайында ресейлік дрон екі ескірген Як-40 ұшағына шабуылдағанын айтты. Депутат бұл соққы америкалық делегацияның ықтимал сапарына дайындық кезінде қасақана жасалған деп санайды. Киев ақпаратты әлі растаған жоқ.

Дегенмен жұма күні кешке Украина президенті Владимир Зеленский Уитткофф пен Кушнердің жексенбіде Киевке келетінін растады. Ол қонақтардың қауіпсіздігі үшін Украина бұл кезде Ресейге әуеден соққы жасамайтынын және Ресей де солай жасатын болар деді.

Бұған дейін Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Кирилл Буданов соғысты аяқтау бойынша келіссөз қыркүйекте жалғасуы мүмкін екенін айтқан.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремль Уиткофф пен Кушнердің сапары белгілі болған кезде сол жөнінде хабарлайтынын айтқан.

Ресей басшысы Владимир Путин 3 қыркүйекте Владивостоктағы форум кезінде соғысты аяқтау бойынша келісімге әуелі Ресей мен Украина келуі керек, ал АҚШ пен өзге елдер оған көмектесуі мүмкін деген. Путиннің сөзінше, Мәскеу АҚШ әкімшілігімен байланысты жалғастыра береді және Вашингтонмен қарым-қатынасты толық қалпына келтіруге ниетті.

Путин сонымен бірге Украинамен байланыс, атап айтқанда, арнайы қызметтер арқылы жалғасып жатқанын айтты. Бұл ретте президент бұл бітімге апара ма, жоқ па, айту қиын екенін жеткізді.