АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Украина және Ресей өкілдерімен 20-21 желтоқсанда Флорида штатында өткізген келіссөздер қорытындысы бойынша екі хабарлама жариялап, "өнімді әрі конструктивті кездесулер" болды деп мәлімдеді. Америкалық делегация құрамында Уиткоффтан бөлек, Дональд Трамптың кеңесшісі әрі күйеу баласы Джаред Кушнер және Ақ үй қызметкері Джош Груенбаум болған.
Уиткоффтың айтуынша, АҚШ–Украина форматында жеке кездесу де өткен. Онда төрт құжат қаралған: 20 тармақтан тұратын жоспарды одан әрі пысықтау, көпжақты қауіпсіздік кепілдіктері жүйесі бойынша ұстанымдарды келісу, АҚШ-тың Украинаның қауіпсіздігіне кепілдіктері жүйесіне қатысты ұстанымдарды келісу және Украинаның экономикалық даму мен өркендеу жоспарын әзірлеуді ары қарай жалғастыру.
Трамптың арнайы өкілі атап өткендей, кездесуде бұдан ары қарайғы қадамдардың мерзімі мен кезектілігін талқылау барысына ерекше назар аударылған.
"Украина әділ әрі тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге бұрынғысынша толықтай бейіл. Ортақ басымдығымыз – адам өлтіруді тоқтату, кепіл берілген қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Украинаны қалпына келтіруге, тұрақтылық пен ұзақ мерзімді өркендеуге жағдай жасау", – деп жазды Уиткофф.
Осыған ұқсас мәлімдемені X әлеуметтік желісінде Украина делегациясының басшысы әрі Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің (ҰҚҚК) хатшысы Рүстем Умеров те жариялады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Зеленский Донбасс бойынша АҚШ-тың ұсынысы туралы айттыКремльдің арнайы өкілі Кирилл Дмитриевпен кездесулердің қорытындысы бойынша Уиткофф Ресей өкілі "президент Трамптың Украина жөніндегі бейбітшілік жоспарын ілгерілету мақсатында америкалық делегациямен өнімді және конструктивті кездесулер өткізгенін" жазды. "Ресей Украинада бейбітшілікке қол жеткізуге бұрынғысынша толықтай ниетті және украин жанжалын реттеу мен жаһандық қауіпсіздікті қалпына келтірудегі АҚШ-тың күш-жігері мен қолдауын жоғары бағалайды", – деді Уиткофф келіссөздерден кейін.
Ал Дмитриев X әлеуметтік желісінде: "Рақмет, Майами. Келесі жолы – Мәскеу", – деп жазды.
Бұған дейін БАҚ бейбітшілік жоспары жөніндегі келіссөздер барысында аумақ мәселелері әлі де шешімін таппаған күйі қалып отырғанын хабарлаған еді. АҚШ, Украина және Еуроодақ елдері Украинаға арналған қауіпсіздік кепілдіктері бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілгенін мәлімдегенімен, Мәскеу бұл мәселеге қатысты әзірге пікір білдірген жоқ. АҚШ-тың НАТО жанындағы тұрақты өкілі Мэтт Уитакер келіссөздер қарсаңында процесс соңғы кезеңіне өткенін, негізгі мәселелерді шешу үшін "баршаға жеңді түріп тастап кірісу қажет" екенін және бейбіт келісімге қол жеткізуге мүмкіндік барын айтқан.