Қазақстан үкіметі көлеңкелі экономикамен күрестің 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Биліктің бағалауынша, көлеңкелі экономика елдің экономикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, шағын және орта бизнестің дамуын тежейді және адал бәсекелестікті бұзып, бюджетке түсетін түсімдерді азайтады және экономиканың тұрақты дамуына кері әсер етеді.
Жоспардың басты тетіктерінің бірі ретінде цифрландыру аталған. Осы мақсатта салық, кеден, еңбек және басқа да мемлекеттік ақпараттық жүйелердің мәліметтерін біріктіретін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу көзделген. Бұл жүйе күмәнді қаржы операциялары мен заңсыз схемаларды анықтап, олардың әртүрлі салалардағы қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді дейді үкімет.
Кешенді жоспар бес басым саланы қамтиды: денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер; сауда; білім беру; құрылыс; ауыл шаруашылығы. Үкімет қажет болған жағдайда бұл тізімге жаңа салаларды қоса алатынын мәлімдеді.
Өндірістік секторда, әсіресе ауыл шаруашылығы, мұнай-газ және құрылыс салаларында цифрлық бақылау жүйелері енгізу міндеті қойылған. Бұған қоса ресурстарды бөлу жүйелері мен кеден платформалары біріктіріліп, тауар қозғалысын толық қадағалау көзделіп отыр.
Үкімет бұл шаралар экономикалық айналымның ашықтығын арттырып, бәсекеге қабілетті әрі тұрақты бизнес ортасын қалыптастыруға ықпал етеді деп санайды. Жоспардың орындалуын бақылау және нәтижесін бағалау кезінде жасанды интеллект технологиялары да қолданылмақ.
Билік 2028 жылдың аяғына қарай көлеңкелі экономиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесін 13,8 пайызға дейін төмендету мақсатын қойып отыр.