Украина армиясы ел аумағына 200-ден астам ресейлік дрон шабуылдады дейді

Харьков қаласына әуеден жасалған шабуылдың салдары. Украина, 4 қазан, 2026 жыл.

5 қазанға қараған түні Ресей әскері Украинаға қарсы 205 дрон ұшырды деп хабарлады Украина армиясының әуе күштері. Кейінгі деректер бойынша, олардың 172-ін әуеден қағып түсірген.

Харьков қаласында жексенбі түнде тұрғын үйлерге ресейлік әскери дрондар түскен, ол жерлерде құтқару-іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Қала мэрі Игорь Тереховтың дерегінше, шабуыл салдарынан кемінде бір адам қаза тауып, сегіз адам жараланған.

Украинаның төтенше жағдайлар мемлекеттік қызметінің хабарлауынша, Ресей әскері Харьковтің Индустриальный ауданына әуеден шабуыл жасаған. Салдарынан қос қабатты әкімшілік ғимараты мен автокөліктер өртеніп, тұрғын үйлер мен әкімшілік-өндірістік жайлар бүлінген.

Өткен түні ресейлік әскери күштер Одесса облысына да әуеден соққы жасаған. Жергілікті билік орындарының дерегінше, өнеркәсіп және порт инфрақұрылымдары, саяжай аумағы шабуылға ұшыраған.

"Ауқымды өрт шықты. Қою түтін көтерілгендіктен Одессаның төтенше жағдайлар қызметінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғану мамандары аумаққа тексеру жүргізді. Өлшеу қорытындысы бойынша, қауіпті заттар байқалмады" деп хабарлады Одесса облыстық әкімшілігінің басшысы Олег Кипер. Адамдар зардап шекпеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Украина әскері Белгородқа соққы жасады: бір адам қаза болды, бірнеше адам жарақаттандыПутин соққыны үдететінін айтып, Украинадағы шетелдіктерге "ескертті", Киев жауап беретінін айттыЗеленский: күзде Украинаның алысқа ұшатын өз баллистикалық ракетасы боладыРесей зауыттарына шабуыл, Киевтегі дабыл, Путиннің сесі – Соғыс жаңалықтары"Ресейлік Starlink". "Рассвет-3" спутниктері Украинадағы соғысқа қалай әсер етпек?