Украина әскері Мәскеу облысы мен Мәскеудегі мұнай өңдеу зауытына шабуылдады

Украина дрондары 20 қыркүйекке қараған түні Мәскеу мен Мәскеу облысына шабуылдады. Мәскеудің оңтүстік-шығысындағы Капотня мұнай өңдеу зауытына да соққы жасалды. Қала мэрі Сергей Собянин шабуылды соғыс басталғалы бергі "ең ірі шабуыл" деп атады. Оның сөзінше, Мәскеу маңы мен қала төбесінде шамамен 1600 дрон атып түсірілді.

Собянин бірнеше дрон мұнай өңдеу зауытына шабуылдағанын растады, тұрғын үй бүлінген. ASTRА-ның жазуынша, Мәскеуде бірнеше үйдің маңында дрон құлап, жарылған. Қаза болғандар турады мәлімет жоқ.

Мұнай өңдеу зауыттарының өртенгені туралы да желіде видео тарап жатыр.

Мәскеу облысының Софьино Рамен муниципалды округында қойма кешеніне соққы тиген. Украиналық телеграм-арналар видео жариялады.

Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтің айтуынша, дрон 21 қабатты тұрғын үйдің төбесіне құлап, шатыры өртенген. Онан 400 адам эвакуацияланған. Андрей Воробьев екі адамның қаза болғанын, алты адам зардап шеккенін жеткізді.

Украина қарулы күштері әзірге оқиғаға түсініктеме берген жоқ.

Ресейде бүгін мемлекеттік дума сайлауының үшінші күні. Собянин Украина "сайлауға кедергі келтіру" мақсатында дрон жібергенін, алайда діттегеніне жете алмағанын айтты.

Маусым айында да Мәскеуге көп дрон жіберіліп, сол кезде де Капотнядағы мұнай өңдеу зауытына соққы тиген еді.