Украина әскері Қырымның солтүстігі мен Херсон облысындағы көпірлерге тағы шабуыл жасады

Қырымдағы Феодосия қаласындағы жанармай бекетінде отын жоқ. 2026 жылдың маусым айы.

11 маусымға қараған түні Украина күштері Херсон облысын Ресей аннексиялап алған Қырыммен жалғайтын және Қырымның өзіндегі көпірлерге тағы да шабуыл жасады.

Жергілікті пабликтер шабуылдардан екі көпір бүлінгенін хабарлады. Атап айтқанда, "Армянскіден Красноперекопскіге кіреберістегі көпір зақымданып, күшті жарық пайда болғанын" жазды "Крымский ветер" паблигі. Қырымның солтүстігіндегі Армянскінің өзіндегі көпірге де шабуыл жасалған деген хабар түсті. Түнде Қырым мен Севастопольге дрондар мен зымырандар шабуыл жасаған. Севастопольде, Бақшасарайда, Симферопольде және Армянскіде түні бойы жарылыстар естілген. Симферопольде шабуылдан кейін өрт шыққаны туралы хабар тарады, ал жарылыстан кейін Севастопольдің кейбір аудандарында жарық сөнген.

Оккупацияланған Херсон облысының Ресей тағайындаған басшысы Владимир Сальдо төрт көпірге: "Преображенка мен Мирне маңындағы Солтүстік Қырым каналы арқылы өтетін көпірлерге, Перекоп пен Армянск арасындағы автомобиль көпіріне және Ставки ауылы маңындағы көпірге" дрон шабуылы жасалғаны туралы хабарлады. "Алдын ала ақпарат бойынша, залал келтірілген", деп жазды Сальдо. Жол жабылған.

Украинаның қаруыл күштері кейінгі апталарда Қырымға баратын көлік жолдарына шабуылды үдеткен. Жақында Чонгара ауданындағы көпір бірнеше мәрте шабуылға ұшырап, көлік қозғалысы тоқтап қалды.

Логистика қиындығынан жанармай тапшылығы пайда болды. Севастопольдің Ресей тағайындаған басшысы Михаил Развожаев 11 маусым күні таңертең бензин тиелген жүк көліктері тағы да жете алмай қалғанын, сондықтан бейсенбіде жанармай болмайтынын жазды.